Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Шардара аудандық “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, лудоманияның алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ өзіндік шеберлігін көрсете білуіне көмек беру, республикалық, облыстық сайыстарға шыңдау мақсатында облыстық «Жастар слеті: Тәжірибе алмасу алаңы” атты жастар слеті өтті.
Аталған шара аясында 2,5% несие алған жастар мен «Бизнес бастау» қайтарымсыз грант жеңіп алған кәсіпкерлердің өнімдерімен және «Шардара Армспорт» клубының тарихы және «Шардара чемпиондары» ауданнан шыққан үздік спортшылардың жетістіктері, аудан өнімдерінің жәрмеңкесі:қауын, қарбыз, балық өнімдерінің дайындалу мен өсірудің әдіс-тәсілдері, мұражай, қолөнершілер, суретшілер көрмесі, №16 колледждің шығармашылық жұмыстары таныстырылды.
Сонымен қатар, 2,5% несие алған жастарымыз өздерінің кәсіптерімен таныстырды.
Сонымен қатар, жастар слетінде суда шомылу ережесін үйрету бойынша оқу-жаттығу сабақтары өткізілді. Суда шомылу ережесін үйрету бойынша оқу-жаттығу сабақтарының өткізілудің негізгі мақсаты — жастарды суда жүріс-тұрыс ережелеріне үйрету, сондай-ақ жастардың суда алғашқы көмек көрсету ережелерін нақты меңгерту және жүзу, шомылу кезінде қалыптасқан төтенше жағдай болған жағдайда өздігінен шешім қабылдауға ынталандыру, облыс су айдындарында азаматтардың өлімінің алдын алу болып табылады.
Оқыту барысында Шардара қаласының жедел құтқару жасағының мамандары арнайын келіп, оқу-жаттығу сабақтарын көрсетіп берді. Сонымен қатар судағы қауіпсіздікті сақтауға құтқарушы топ кезекшілігі қойылған.
“Көп адамның суда жүзе білмеуі, адамдардың суда қауіпсіздік ережелері шараларын орындамауынан орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады. Сондықтан осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін суда шомылудың қауіпсіздік шараларын білу маңызды”, — деді Бектаев Ернар
Тренинг соңында қатысушылар сабақтан алған әсерлерімен бөлісіп, өздеріне қандай қорытынды жасағандарын айтып, осы тақырып бойынша қызықтырған барлық сұрақтарына жауап алды.
Жастар басқосуындағы тағы бір маңызды шара — “Лудомания-қоғам дерті” атты семинар-тренингі болды.
Семинар-тренингтің мақсаты: өз денсаулығына жауапты мінез-құлық дағдыларын дамыту, жастардың өз құндылықтарын білуіне ықпал ету. Құмар ойынына тәуелділік және оның даму кезеңдері, сондай-ақ тәуелділік қай сәттен бастап пайда болады , құмар ойындарға тәуелді адам қандай белгілерді көрсететіні талқыланды.
Семинар-тренингті Түркістан облысы тергеп тексеру департаментінің аға офицері Қарсыбай Гүлзия мен “Komek center” тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологі, педагогика ғылымдарының магистірі, практик психолог Тұрсынбаев Айсұлу Полатқызы келіп сөз сөйлеп, жастарды құмар ойыннан аулақ болуға шақырып, жастарға кеңестермен тимбилдинг өткізді.
Лудомания – үлкен дертке айналған қауіпті құбылыс. Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. Осы шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат — аудан жастарын құмар ойыннан аулақ болуға шақыру, зардаптары мен салдарын көрсету болып табылады, — деді Қарсыбай Гүлзия
Тренинг соңында қатысушылар ақпараттан алған әсерлерімен бөлісіп, өздеріне қандай қорытынды жасағандарын айтып, осы тақырып бойынша қызықтырған барлық сұрақтарына жауап алды.
Сондай-ақ іс-шара барысында командалар арасында эстафеталық жарыс өткізілді. Эстафеталық жарысты ұйымдастырудың негізгі мақсаты — жастарды спорттық ойындарға деген бейімділігін, денсаулықтарын жаңғырту, спортқа деген қызығушылықтарын арттырып,шапшаңдыққа, төзімділікке, ептілікке, жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу болып табылады.
Шараға қатысушылар 4 кезеңде суда жүзу, кедергілерден өту, жорғалап жүру, құм толтырылган қапшықпен жугіру, скакалкамен секіріп жарысқа түсті. Ал қалған аудан, қала жастары арасында құмнан қалашық жасау бойынша командалық сайысқа түсті.
Сайыс қызықты өтті. Командамызбен бірге әр кезеңнен сүрінбей өтуге тырыстық. Қатысушылардың жеңіске деген ынтасын көріп, біз де жігерлене түстік. Осындай жастардың бірлігін нығайтатын сайыстар көбірек болса деген ойдамын, — деді сайысқа Мақтаарал ауданынан келген қатысушы Жасұзақов Есімхан.
Жарыс қорытындысына сәйкес жеңімпаздар тізімі төмендегідей:
I орын — Қазығұрт ауданы жастары (150 000тг)
II орын — Сарыағаш ауданы (100 000тг)
III орын — Келес ауданы (70 000тг)
Сонымен қатар қатысқан командаларға арнайы ынталандыру сыйлықтары берілді.