Бүгінде қоғамда қайырымдылық жасап, елге қол ұшын созатын азаматтар көбейіп келеді. Соның бірі – Сауранның белсенді азаматы Алмат Нұрымбетов. Жуырда оның бастамасымен жағдайы төмен 2 отбасыға баспана берілді.
Ал енді өзіңіз есептей беріңіз. Жай адамның өзі бір баспанаға қол жеткізу үшін қанша уақыт пен қаржы жұмсайды. Өкінішке қарай, ел ішінде қмір бойы жұмыс істесе де баспанаға қол жеткізуге мүмкіндігі жоқ азаматтар баршылық. Ал мұндай адамдарға жаны жомарт, қолы ашық ел ағалары қайырымдылық көрсетіп, баспана сыйлап жатса, нұр үстіне нұр.
Жалпы бұл қайырымдылық іске ауылдың белсенді жастары, аудандық мәслихат депутаттары және жеке кәсіпкерлері бірлесе үлес қосты. Айтулы шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ауданның бас имамы Бауыржан Акауов, ауданның белсенді азаматшасы Бибімария Қарабалаева және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысып, игілікті іске атсалысқандарға алғыс білдіріп, қоныс той иелерін құттықтады. Сонымен қатар аудан әкімі мұқтаж жандарға баспана салып, тарту еткен азаматтарға алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, облыс бойынша бүгінде 42 883 азамат үй кезегіне тұр. Бұл көрсеткіш 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдаймен салыстырғанда, 10,4%-ға көп. Оның ішінде Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 13 мыңнан астам адам үмітті. Сонымен қатар, облыста «5-10-25» бағдарламасы бойынша пәтер алуға мүмкіндік бар. Дегенмен, кезегін сарыла күткендер қаншама. Кезегі жуық арада келе қоймайтын тұрғындар әрине, түрлі шағым айтуы да бек мүмкін. Алайда бқл ретте жергілікті билік баспана мәселесін шешудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Осындай мәселеден шығудың бір жолы болса, ол қайырымдылық арқылы мұқтаж жандарға баспана беру.