Апат айтып келмейді. Дегенмен, оған дайын болу, апат кезіндегі іс-әрекетті білу, сізді және жақындарыңыздың өмірін қиын сәтте аман алып қалатынын ұмытпаған жөн. Осы ретте, Түлкібас ауданы аумағында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің дайындық деңгейін арттыру, зардап шеккен халықты қабылдау бекеттерінің дайындығын нақтылау, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтау мақсатында сейсмикалық жаттығу өтті.
Жаттығу барысында аудан әкімі аппаратының қызметкерлері,Т.Рысқұлов ауылы көп қабатты тұрғын үй тұрғындары арнайы дабыл қағылған соң белгіленген уақыт ішінде қауіпсіз аймаққа шығып, ол жерде Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Б.Әзімбаев жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын егжей-текжейлі түсіндірді. Жер сілкінісі кезіндегі алғашқы әрекет қандай болады? Жер сілкінгенін ғимараттың шайқалғанынан, шамдардың теңселгенінен, ыдыс-аяқ пен әйнектердің сылдырынан, күшейіп жатқан гуілден білуге болады. Бұл жағдайда ең бастысы – үрейге бой алдырмау.
Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз жер – ғимараттан алыс көше мен алаң. Сондықтан, бірінші дүмпуден кейін дабыл сөмкесін алып тез және қысқа жолмен далаға шығу керек.Балалар мен қартарды және өздігімен жүре алмайтындарға қауіпсіз орынға шығуға көмек берген дұрыс. Бұл жағдайда заттарды жинауға уақыт кетіруге болмайды. Мүмкін болса, тек құжаттар мен ақшаны алған дұрыс. Көпқабатты тұрғын үйде немесе жұмыс орнында лифтті пайдалануға тыйым салынады.
Жалпы аудан көлемінде сейсмикалық оқу жатығуына 68 мекеме, 8895 адам қатысты. Аудан аумағындағы түрлі мемлекеттік мемкеме қызметкерлері апат кезінде болатын жағдайда қалай шұғыл қимылдау қажеттігін көрсетіп, берілген жаттығуларды орындады.