Түркістан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігі, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен еңбек құлдығы мен адам саудасы фактілеріне жол бермеу бойынша кең ауқымды ақпараттық науқан өтті. 30 шілде – «Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне» орай өткен шарада «Адам саудасына қарсы күресте көмекке мұқтаж бірде-бір бала туралы ұмытпау» атты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шараға Түркістан облысы полиция департаменті ҰҚҚКБ мамандары, облыстық жастар орталығы қызметкерлері, «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы қоғамдық бірлестік мүшелері, ерікті жастар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Мұндағы мақсат – қала тұрғындары мен қонақтарына адам саудасы туралы құлақтандыру, пайдалы ақпараттармен бөлісу, аталған қылмыстық әрекеттерді анықтау және алдын-алу. Аталған мәселе бойынша «Қуаныш» орталық базары, «Turan Mall», «Khanshaiym Plaza» ойын-сауық орталықтары, теміржол вокзалы, Түркістан облыстық халықаралық әуежайы, т.б. халық көп шоғырланған орындарда құлдыққа тап болған азамат қайда хабарласып, кімге көмекке жүгіне алатыны жөнінде толық ақпарат жазылған жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, қалалық перинаталды орталықта нәрестелер мен балалар саудасына байланысты қылмыстарға жол бермеу мәселесі жөнінде дөңгелек үстел өткізілді.
Адам саудасы – елдің назарында болуы тиіс басты мәселелердің бірі. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз «102» нөмірі бойынша немесе 116 16 сенім телефонына хабарласыңыз. Қырағы болыңыз, өзіңізді алдауға жол бермеңіз.