Әр өңірдегі жастар орталықтарында түрлі іс-шара, кездесулер тұрақты түрде өтіп тұрады. Сондай іс-шаралардың бірнешеуі аудан, қалаларда жалғасын тапты.
Кентау қаласына қарасты екі мың жылдық тарихы бар Қарнақ ауылында жастар жиналып, білімдері мен ой сананы дамытуға мүмкіндік беретін білімділер сайысын өткізді. Игі шара “Бірлігіміз жарасқан” атты тақырыбында ұйымдастырылды. Білімділерін дәлелдеуге келген сайысты қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова ашып, барша қатысушыға сәттілік тіледі.
Ұлттар мен ұлыстар татулығын насихаттау, халық бірлігін қамтамасыз ету мақсатында өткен сайысқа Кентау қаласы мен қалаға қарасты ауыл тұрғындары, әр түрлі сала мамандарынан құралған 12 топ қатысты.
“Бірлігіміз жарасқан” атты интеллектуалдық ойынға қатысушылар өз топтарының атауы мен ұрандарын қысқаша таныстырып, мақал-мәтелді жалғастыру, салт-дәстүр, музыкалық және логикалық сұрақтар бойынша 5 кезеңде шың мықтыны анықтай білді.
Қызықты да тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша ІІІ-орын «Тұран» командасына бұйырса, ІІ-орынға «Алау» командасы лайық деп танылды. І-орынды «Шабыт» командасы жеңіп алып, жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ал Сауран ауданы әкімдігі ішікі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан құрылған «Сыр мен сымбат» қыздар клубының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылық — ұлт бренді» тақырыбында қыздар арасында атадан балаға мұра болып сақталған қолөнер бұйымдарын (киіз басу, түкті кілем тоқу) таныстыру мақсатында тәжірибе алмасу сабағын өткізді. Мақсаты-жастарға атадан балаға мұра болып қалатын ұлттық құндылықтар мен қолөнерді насихаттау. Аталмыш шараны Түркістан облысы ҚХА Ассамблеясы жанындағы Сауран аудандық аналар кеңесі Н.Жұманова ашып беріп қыздар клубының мақсаты салт-дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіре білу, аналарымыз бен жас келіндер, қыздарымыздың арасында өнегелі тығыз қарым-қатынасты нығайта білу керек екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, Сайрам ауданында “Жастарға бағдар” атты жастар керуені аясында ауыл жастарымен кездесулер өтуде.Аталмыш іс-шара мемлекеттік жастар саясаты мен мемлекеттік бағдарламаларды жастарға кеңінен насихаттау, оларды кәсіпкерлікке баулу, сол арқылы жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, ауылдық округ жастарының бос уақытын тиімді пайдалану және оларды қоғамдық ортаға тарту. Сондай-ақ, NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізуге бағытталған.Сонымен қатар, іс-шара аясында жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және суға шомылу мерзімінде жасөспірімдерге судағы қауіпсіздік ережелері бойынша таныстырылуда. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерікті жастармен сенбілік жұмыстары жүргізілуде. «Жастар керуені» жобасы аясында Сайрам ауданындағы 11 ауылдық округті аралау жоспарланған болатын. Қазіргі таңда Сайрам ауданының ауылдық окруктерінде кездесулер өткізілді. Жоба ауылдық округтерде кесте бойынша жалғасын табатын болады.