Қазіргі таңда жастар үшін мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылдану бұрынғыдай қиындық тудырмайды. Әсіресе жоғары оқу орнын жаңа ғана бітірген түлектер үшін мүмкіндіктер көп. Бұл өзгеріс білімді, білікті, өз ісіне адал жас мамандарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, аудандық әсіресе ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығын азайтуға үлкен септігін тигізеді. Мұнда үміткерге қойылатын басты талап дипломындағы GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен болмауы керек. Осылайша уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар бір жыл ішінде конкурсқа қатыспай-ақ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындала алады. Тағайындаулар уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу арқылы жүзеге асырылады.
Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанда тиімді мемлекеттік аппарат құруға, кадр саясаты мәселесіне баса көңіл бөлініп келе жатыр. Қажетті институттар мен уәкілетті органдар құрылып, заңдар мен сол заңдарға сәйкес іске асырылатын нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Агенттікке берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес жаңа тәсілдер әзірленіп, бүгінде мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы енгізілген өзгерістердің басым бөлігі жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер екендігін атап кеткен жөн. Себебі жастар қашанда белсенді буын өкілдері екендігін ұмытпау керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процестерін толық цифрландыруды қамтамасыз ету барлық конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін арттыру үшін мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі жетілдіріліп отыр.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 «Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығы 2-3-қосымшамен толықтырылды, онда интеграцияланған ақпараттық жүйеде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурсты іріктеу мен өткізудің уақытша қағидалары айқындалды. Іріктеудің бұл әдісі пилоттық режимде 2023 жылы 1 наурыздан бастап Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Сауда және интеграция министрлігінде, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарында іске қосылды. Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін бұл әдіс еліміздің барлық мемлекеттік органдарында кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі Eqyzmet ашық сыртқы порталында жүзеге асырылады, ол үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуді қоспағанда, барлық кезеңдерде онлайн режимінде конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Конкурстық іріктеу барысында прокторинг технологиясы қолданылып, үміткерлерге өзіне ыңғайлы жерде және уақытта қатысу мүмкіндігі берілді. Мемлекеттік қызметке түскісі келетін азаматтар ең алдымен eqyzmet.gov.kz интернет-порталында ЖСН және ЭЦҚ енгізу арқылы тіркеледі және жүйеде азаматтың жеке ісі автоматты түрде құралады. Барлық мәліметтер (жеке куәлігі, мекенжайы, еңбек жолы, білімі, электронды поштасы, суреті және телефоны) басқа ақпараттық жүйелерден алынады. Жаңа іріктеу тәсіліне сәйкес, мемлекеттік қызметке орналасуға үміткерлер жүйеде төрт заң бойынша заңнаманы және мемлекеттік тілді білу тестілеуінен он-лайн өтеді. Үміткер порталдағы өзінің жеке кабинетінде тестілеуден өту үшін 1 күнтізбелік күн бұрын тестілеудің күні мен уақытын өзі таңдап, өтінім қалдырады.
ҚР Мемлекеттік қызмер істері Агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті де мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі бойынша мамандарды жұмысқа қабылдауды бастап кеткен. Солардың бірі — Гүлдерай Тінейбекова. Іріктеудің жаңа жүйесімен жұмысқа орналасқан ол бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмер істері Агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің әкімшілік жұмыс жөніндегі бас маманы.
— Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі яғни пилоттық жоба бойынша ҚР Мемлекеттік қызмер істері Агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің бос лауазымына кедергісіз, әділ өттім деп санаймын. Жобаға дейін аталған Агенттіктің басқа аумақтық бөлімшелері тарапынан өткізілген конкурстарға қатысып, жеңімпаз атандым. Алайда мемлекеттік қызметтегі алғашқы еңбек жолымды туған жерімнен бастауды жөн көріп, бас тарттым. Осы тұста жобаны іске асырылуына атсалысқан қызметшілерге алғысымды айтамын,- дейді ол.
Ал ҚР Мемлекеттік қызмер істері Агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының жетекші маманы болып Қазыбек Есенәлі осы жылдық 1 шілдеснен бастап қызмет атқарады.
-Осы күнге дейін мен Түркістан облысы Жетісай ауданы Ынтымақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-заңгер қызметін атқардым. Департаментке жұмысқа пилоттық жоба арқылы конкурсқа қатысып, орналастым. Бқл жоба өте ыңғайлы және мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік органға алмасу үшін жұмысына кедергі келтірмей онлайн түрде қатысуға болады. Барлығы әділ және шынайы түрде болды, үш кезеңнен жақсы ұпай жинап жеңіске жеттім, — дейді Қ.Есеналы.