«Жұлдыз» индустриалды аймағында ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңі – керамикалық плиталар шығаратын зауыт іске қосылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «WAN SHENG CERAMIC» шетелдік компаниясының құрылтайшылары қатысты.
Қала әкімі өз сөзінде ауқымды зауыт Орталық Азиядағы құрылыс индустриясындағы ең ірі жобалардың біріне айналатынын атап өтті. Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында бұл жоба барлық кезеңдерде жан-жақты қолдауға ие болды. Зауыттың ашылуы ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен, яғни керамикалық плиталармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте «WAN SHENG CERAMIC» ЖШС құрылтайшысы Ху Цзяньго жобаны жүзеге асыруда көрсеткен көмегі мен белсенді қолдауы үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді. Оның айтуынша, компания заманауи технологияларды енгізумен қатар, қызметкерлерді дамытуға арналған түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.
– Қаламыздағы ірі инвестициялық жобалардың бірі іске қосылып отыр. Бұл өз кезегінде жеке инвестиция, салықтық төлемдер, жаңа жұмыс орындары. Жалпы қызығушылық танытқан инвесторларға қала әкімдігі тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Шаһарға инвестиция тарту басты назарда тұр. Қаламыздың өркендеуіне өз септігін тигізетін жобаға сәттілік тілеймін. Одан әрі де қытайлық инвесторлармен келіссіздер жүргізіледі. Бұдан басқа да жобалар бар. Біз барлық жеке инвесторларға қолдау көрсетеміз, – деді қала әкімі.
Айта кету керек, инвестициялық жобаның құны 25,5 млрд теңге, ал кәсіпорынның жалпы аумағы – 32 гектар. Екінші кезең 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмысын бастамақ. Екі кезең іске қосылғанда 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Инвесторлар өз өнімдерімен жергілікті нарықты да қамтып, экспортқа шығаруды жоспарлауда. Нақтырақ айтқанда бұл жоба инвестордың жеке өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып отыр. Біржан Әзімбердиевтің мәліметінше, қалада арнайы экономикалық аймақта және «Оңтүстік» индустриалды аймағында қытайлық инвесторлардың басқа да жобалары бар. Кәсіпорында 350 жұмыс орны ашылды. Зауыттың құрылысы өткен жылы басталып, мұнда заманауи технологиялық қондырғылар орнатылған, өндіріс барынша қауіпсіз әрі экологиялық таза болады.
Бірінші кезеңді іске қосу аясында кәсіпорын жыл сайын 12,7 млн шаршы метр өнім шығаруды көздеп отыр. Екінші кезең іске қосылғаннан кейін өндірістік қуаттылық екі есеге — 25,4 млн шаршы метрге дейін артады, тағы 350-ден астам қосымша жұмыс орны ашылады.
Бұл жобаны жүзеге асыру құрылыс саласын дамытуға ғана емес, заманауи өндірісті енгізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізеді.