Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы бүгін ерекше думанды болып түр. Өйткені, бүгін мұнда ҚР Президентінің кеңесшісі М.Отарбаевтың Президент Жолдауын түсіндіру бойынша жастармен кездесу іс-шарасын өткізді. Мәлік Нұржанұлы кездесуде қоғамдағы өзгерістерге жастардың қатысуы қажет екенін айтты.
Сондай-ақ, жастардың саяси өмірге араласуын ынталандыру, пікір алмасу және идеяларды жүзеге асыру үшін бірлескен күш-жігердің маңызын жеткізді. Жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында өз ойларымен бөлісті.
– Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың нақты мақсаты болуы тиіс. Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітап оқыған жастар, азаматтар өз ұлтын сүйеді, өмірге деген құштарлығы артады. Қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеп, озық ойлы ұлтқа айналу үшін кітапқа, білім-ғылымға қызығушылық артуы керек, – деді М.Отарбаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жастарға барынша қамқорлық жасауға және олардан «Президенттік кадрлық резервтер» дайындауға ерекше көңіл бөлді.
«Өздеріңізге белгілі, кадрлық резервті жасақтау үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл жобаға бүкіл еліміз бойынша 13 мың адам қатысты.
Соның ішінен 300 азаматты іріктеп алдық.
Науқанға қатысқан барлық үміткерлерге ризашылығымды білдіріп, олар назарымызда қалады деп айтқым келеді.
Ел басқару ісіне араласатын таңдаулы жастардың қатарына қосылу – зор мәртебе. Өздеріңіз сияқты озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет. Жалпы, бұл – жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама.
Осы ретте өздеріңіз сияқты білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз.Сіздер жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосасыздар деп сенемін.
Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр.
Ең алдымен, мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайтуымыз керек.
Сондай-ақ, азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз қажет», деп атап өткен болатын.
Спикерлер алдағы Референдумның және Президент Жолдауының негізгі аспектілерін түсіндіріп, жастарды белсенділік танытуға шақырды.
Кездесу соңында қатысушылар алдағы Референдумға дайындықты жеделдету және жастар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтіп, көкейдегі сұрақтарын қойды. Кездесу барынша қызықты әрі тартымды атмосферада өтті.