Кәсіпкер, BI Group құрылыс холдингінің негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев денсаулығына қатысты жазба қалдырып, сүтті шайдың зиянын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, ол әртүрлі марафонға қатысатын адам. Сондай марафондардың бірінде тізесі ауырған ол Германияға барып ота жасатқан екен.
«Бірнеше жыл бұрын жүгіріп жүргенде менің тізем ауыра бастады. Тексеруден өтсем, буындарыма тұз жиналыпты. Германияда ота жасатып, бәрін тазалаттым», — деген ол кейін бұл аурудың неден пайда болатынын тапқан екен.
Яғни, Рахымбаев атап өткендей, мәселе оның тамақтану әдісіне қатысты болған.
«Дакар алдында Еуропадағы тамақтану институттарының біріне бардым. Дәрігер менің анализдерімді тексеріп, сүтті қаншалықты көп ішетінім туралы сұрады. Мен таңертең сүтпен ботқа жейтінімді, сүт қосқан спорттық коктейль мен сүтті шәй ішетінімді айттым. Дәрігер таң қалып, сүттің құрамында лактоза барын ескертті. Оны ересек адамның ағзасы көп жағдайда қорыта алмайды екен. Лактоза глюкоза мен галактозаға ыдырап, ағзадан толық шығып кетпейді. Галактоза (сүт қышқылы) буындарға жиналып, артрит пен тізеге тұз жиналуына әкеледі. Біздің аталарымыз сүттің зияны туралы білмесе де, біз заманауи зерттеулерді ескеруіміз керек. Бұл туралы жақындарыңызға айтып, ата-апаларға ескертіңіздер», — дейді дабыл қаққан. Ол.
Оның айтуынша, ғылыми зерттеулер әлемдегі үлкен кісілердің көбі үшін сүт зиян. Соның ішінде, Азиядағы қарт кісілердің 90 пайызы үшін сүт зиян болып шыққан.
«Мені бұл жаңалық тоқ соққандай, оятып жіберді», — дейді ол.
Айдын Рахымбаев кім?
Айдын Рахымбаев Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі. 2025 жылғы Forbes Kazakhstan рейтингіне сәйкес, оның жеке байлығы 967 миллион АҚШ долларына бағаланып, елдегі ең бай 10 кәсіпкердің қатарына кіреді.