Енді мегаполис басшысы Сатыбалды Дархан Амангелдіұлы. Ол 1996 жылы С. Сейфуллин атындағы Ақмолалық ауылшаршуашылық институтының «Экономист-менеджер» мамандығын тәмамдаған. Ал 2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінде «заңгер» мамандығын оқып шыққан. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Дархан Амангелдіұлы еңбек жолын 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, «Келес» коммуналдық кәсіпорнында бастаған. 2000-2006 жылдары Қаржы министрлігінде, Президенттің Іс басқармасында әртүрлі лауазымды қызмет атқарған. 2007-2010 жылдары білім және ғылым министрлігінің бюджет және қаржы департаменттері директорының орынбасары, ғылым комитеті төрағасының орынбасары болған. 2010 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы лауазымына тағайындалған. 2013 жылы Шымкент қаласының әкімі болған. 2015-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Парламент сенатының депутаты да болған. Сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Ал 2022 жылғы Түркістан облысының әкімі болды. Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Қ.Р. Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.
Мансап жолындағы қажырлы еңбегі үшін «Парасат», «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы» төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен VII Саммитына дайындықта белсенділік танытқаны үшін Қ.Р. Президентінен алғыс хат алған.
Жаңа тағайындалған Дархан Сатыбалды ең алдымен Алып шаһардың түйіткілді мәселелерін шешуді қолға алмақ. Қаланың жаңа басшысы Алматы қаласы мәслихатының депутаттары алдында алдағы жоспарымен бөлісті.
«Алматы – бұл еліміздің ірі мегаполисі ғана емес, сонымен қатар мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру орталығы. Бұл бай тарихы бар, рухы ерекше және үлкен мүмкіндіктер қаласы».
«Сонымен қатар, қаламызда бірқатар сын-қатерлер бар. Бұл, ең алдымен, экологиялық проблемалар, көлік жүктемесі, сапалы және тұрақты сумен жабдықтау мәселелері, инженерлік желілердің тозуы, тығыз құрылыс».
Сондай-ақ шаһардың тұрақты дамуы мен қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, қоғамдық көлік қатынасын оңтайландыру мен кептеліс мәселесін шешуді көздейтінін де айта кетті.