Атыраулық блогер Рано Нығметова аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен 6 жыл 6 айға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың материалдарында жазылғандай, блогер мен оның құрбысы басқа танысын инвестиция арқылы ақша табуға үгіттеп, оның 33 млн теңгесін алған. Олар мұнымен тоқтамай алаяқтық әрекеттерін жалғастырған. Кейін гүл компанияларын алдап, 4 млн теңгеге жуық шығынға батырған.
Рано Нығметова бірнеше эпизод бойынша сотталды
2024 жылғы 4 наурыз бен 12 сәуір аралығында Атырау қаласында Рано Нығметова және оның досы инвестиция көлемін көбейтіп беремін деп танысы Ш-ны алдаған. Оларға сеніп қалған жәбірленуші қарызданып, түрлі банктен несие алып, алтын бұйымдары мен премиум класстағы көліктерін кепілге қойып, 33 млн теңге тауып береді. Алайда, Ш ешқандай уәде етілген инвестициялық пайданы таппай, сан соғып қалады.
Кейін екі қыз гүл компанияларын алдауға кіріскен. Олар гүл букеттеріне тапсырыс беріп, төлем жасамаған. Рано Нығметова гүлдердің фотосын өзінің «Instagram» парақшасына жариялап, белгісіз адамнан сыйлыққа алғанын жазады.
Осылайша олар гүл дүкендеріне 4 млн теңгеге жуық қарыз болған. Атап айтқанда, жәбірленуші З.-ға 634 000 теңге, ал жәбірленуші А.-ға 3 354 000 теңге материалдық зиян келтірген.
Сот шешімі
«С.-ның жасаған ісіне шын өкінуі, жас баласының бар болуы — жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады, Н.-ның кәмелетке толмаған баласының болуы — жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
С. және Н. ҚК-тің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, С.-ға 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, Н.-ға 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — делінген үкімде.
Блогер айыпты мойындамады
Алайда блогер әлеуметтік желіде өзінің кінәсіз екенін айтқан.
«Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Маған тағылған айыптар негізсіз, бірде-бір тікелей дәлел келтірілген жоқ. Бұл – жала», — дейді Рано Нығметова.
Ол өзіне тағылған негізгі айыптар бойынша да түсініктеме берді:
«Бірінші эпизод – 3 500 000 теңгелік букет туралы. Бұл букетке мен тапсырыс берген жоқпын. Оны менің атыма үшінші тұлғалар рәсімдеген. Кейін бұл сома төленбеген деген хабар айтылды. Мен өз еркіммен гүл дүкеніне хабарласып, мән-жайды сұрадым. Дүкен қызметкері қателігін мойындады, букет алдын ала төленген болып шықты. Бұл жерде мені әдейі шатастырып, алдаған.
Екінші эпизод. Мен жәбірленушіден ақша алған жоқпын. Керісінше, мен оған өзім қарызға ақша бергенмін. Бұл қарыз бүгінге дейін қайтарылған жоқ. Геолокациялық деректер менің ақша берілген орын мен уақытта сол жерде болмағанымды дәлелдейді. Жәбірленуші менің есімімді арызында мүлде атамаған. Ол ақшаны үшінші тұлғалардың кеңесімен «КазТурбоРемонт» ЖШС-не бергенін айтқан. Ол адамдардың арасында Д. Рысқалиев, А. Үсеров, Қайрат Боранбаев және бірқатар компаниялар басшылығы аталған. Мен бұл іске мүлде қатыспағанмын.
Үшінші эпизод – 600 000 теңгелік букет туралы. Бұл эпизод сотта қаралмады. Бірақ судья оны үкімге енгізді. Мен бұл букеттен жазбаша түрде бас тартқанмын. Алайда маған оның дайындалып қойғаны және толықтай төленгені айтылды. Бұл туралы менің дүкен иесімен жазысқан хаттарым бар, алайда олар ескерілмеді.
Айыптау актісі 6 рет өзгертілді, бірақ әр жолы тек менің атымды түрлі эпизодтарға қоса берген. Ешқандай қосымша тергеу жүргізілген жоқ. Айыптау актісіндегі оқиға уақыты мен орны менің геолокациялық деректеріммен мүлде сәйкес келмейді. Бұл істі екі рет прокурорға қайтарғанымен, кемшіліктер жойылмады», – дейді Нығметова.
Блогер өзінің жазықсыз екенін айтып, әділдік үшін күресетінін мәлімдеді.