Бүгін Мәжіліс қабылдаған рақымшылық туралы заң аясында Шерзат Полаттың өлімі бойынша сотталған тоғыз адамның тек біреуі, яғни кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қана рақымшылыққа ілігуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Думан Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни қылмыс туралы хабарламау бойынша кінәлі деп танылып,1 жыл 6 айға сотталған болатын.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, дәл осы бап рақымшылыққа ілігетін баптар қатарына жатады. Яғни Думан Ысқақ заң күшіне енгеннен кейін түрмеден ерте шығуы мүмкін.
Ал қалған сегізі рақымшылыққа ілікпейді.
«Шерзат Полатқа қатысты істі барлығымыз қарадық. Бұл жерде адам өліміне әкеп соққан қылмыс болғандықтан, рақымшылық актісі қолданылмайды. Бұзақылықтың бірінші, екінші бөлігі ғана рақымшылыққа жатады. Ал үшінші бөлігі, бұзақылықтың салдарынан адам өліміне әкеп соққан жағдайда рақымшылыққа жатпайды», — деп түсіндірді депутат Мәжіліс кулуарында.
Айта кетері, Шерзат Полат өлімі бойынша сотталғандар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқиас Ілиясов, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахмет – барлығы Қылмыстық кодекстің 293-бабы, яғни бұзақылықтың 3-бөлігі бойынша сотталған болатын.