Түркістанда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» тақырыбындағы II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумы басталды. Халықаралық симпозиумның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Мароккодан келген ISESCO жоба менеджері Осама Элнахас, сонымен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Мажарстан және Қазақстан Түркі әлемі мемлекеттерінің жетекші ғалымдары және де халықаралық ұйымдардан сарапшылар қатысты.
– Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын арқау еткен халықаралық жиынның Түркістан қаласында өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттау жолындағы игі бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға қол қойған болатын. Бұл бағытта қазір облыс орталығында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраларға, соның ішінде арихитектуралық нысандарға бай өлке. Симпозиум жұмысына отандық және шетелдік жетекші мамандардың қатысуы – бұл бастаманың халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды. Бірлескен ізденістер мен тәжірибе алмасу арқылы біз сәулет мұрасын сақтау ісінің жаңа кезеңіне қадам басамыз деп сенемін, – деген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев симпозуим жұмысына сәттілік тіледі.
Құттықтау сөз алған Ақтоты Райымқұлова қордың негізгі қызметі мен атқарылған жұмыстары туралы баяндады.
– Қор жанынан құрылған Түркі мемлекеттерінің тарихшы-сәулетшілері мен реставраторларының консультативті кеңесі құрылып, ортақ мұрамызды сақтаудағы маңызды бастама болғаны сөзсіз. Бүгінгі таңда Қор тарапынан Түркі елдерінің Мемлекет басшылары қабылдаған «Түркі әлемінің келешегі – 2040», «TURKTIME» стратегиялық құжаттарында көрініс тапқан бастамаларды басшылыққа ала отырып, түптамыры бір, дәстүрлері ортақ түркі халықтарының тарихи, мәдени, рухани сабақтастықтарын жетілдіру бағытында өз бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. Симпозиум түркі әлемінің мәдени мұрасын қорғау мен дамытуға тың серпін беретініне сенемін. Бірлігіміз нығайып, рухани тамырымыз тереңдей берсін, – деді қор президенті.
Жалпы, елімізде сақталған түркі сәулет өнері мен архитектурасы туралы сөз қозғағанда, біздің есімізге әрине, бірден Қожа Ахмет Ясауи кесенесі еске түседі. Кесене өз заманының мәдениетін айна-қатесіз бере білген ерекше сәулет өнерінің үлгісі. Сондықтан, түркі сәулет өнерінде түркілердің көшпелі өмір салты, қала мен ауыл тұрмысы, арба жасау, қала құрылысы және қамал салу мәдениеті, қалаларда көше салу, базар мен дүкен орындарының таңдалуы, жол мен керуен сарайлардың, уақыт пен жылдың есептелуі, географиялық бағыттардың белгіленуі, шатырлар мен үйлердің тігілуі, отбасының құрылымы мен отаулардың жекелей шаңырақ көтеруі бәрі-бәрі моральдық өлшемдерге сәйкес болды.
Айта кетейік, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры 2015 жылы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен құрылды және оны Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттерінің басшылары қолдады. Қор құрудағы негізгі мақсат – түркі мәдениеті мен мұрасын сақтауға, зерделеуге және насихаттауға арналған бағдарламалар мен жобаларды қолдау және қаржыландыру.
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялағалы бері, түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтастығын орнатып, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени қарым-қатынастарды нығайтып келеді. Соның арқасында қазіргі таңда түркітілдес мемлекеттердің арасында ынтымақтастық күшейіп, достық қарым-қатынастың артуынан ғалымдар түркі әлемін қызу зерттеу үстінде. Бағыты мен мақсаты айқын бақосу түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтуды, мәдени-рухани құндылықтарды, тарихи жәдігерлерді зерттеуді дамытуға үлес қоспақ.
Қазіргі таңда түркітілдес мемлекеттердің арасында ынтымақтастық күшейіп, достық қарым-қатынастың артуынан ғалымдар түркі әлемін қызу зерттеу үстінде. Ғалымдардың ғылыми еңбектерін талқылап, жариялап, кеңес өткізуде белсенділік танытып жатқаны – біздің дамуымыздың оң нәтижесі әрі үлкен қуаныш. Түркі әлемі – өте бай мұра, ашылмаған қазына. Ол зерттеуді, зерделеуді, дамытуды қажет етеді. Түркі халықтарының өзіндік мәдениеті, өркениеті, сәулет өнері, бүгінгі ұстанып отырған салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз – ұрпақтар жалғастығымен беріліп келе жатқан қалыптасқан мәдениеттің белгісі. «Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ» дейді қазақ халқы. Өтер күніміз тарих қойнауына ертеңгі күнге деген өзіндік үнімен енсе – біздің ғаламдық жаһандануда жоғалып кетпеуіміз үшін қосқан үлесіміз сол болар еді.
4203