Түркістан облысы Қытай Халық Республикасының бизнес топтарының өкілдері үшін диалог алаңына, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды аймағына айналды.
Астана қаласында өткен саммиттің бірінші күні Түркістан облысы және қытайлық бизнесмендер арасында жалпы құны 300,7 млн АҚШ долларын құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Түркістан қаласының Шығыс айналма жолының құрылысы», Өзбекстан Республикасының шекарасынан «Шардара – Арыс» бағытындағы жол құрылысы жүргізілмек. Аталған жобаны іске асыруға Қытайлық «China Railway Asia – Europe Costruction Investment Co LTD» компаниясы қызығушылық танытты.
Сонымен қатар Түркістан облысының аумағында «Белдеу және жол» Қытай-Қазақстан заманауи майлы дақылдар индустриялық паркі жобасын іске асыру жоспарлануда. Жобаның құны — 140,7 млн АҚШ доллары. Нәтижесінде, 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыруға қытайлық «Jinxin (Si’an) Seed Technology Co., Ltd.» компаниясы қызығушылық танытты.
Одан бөлек, Түркістан облысында «Бір белдеу бір жол» трансшекаралық тауар сауда орталығының Орталық Азиядағы филиалы» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба құны — 160 млн АҚШ доллары. Нәтижесінде, 1000 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жобаны қытайлық «Portuguese-speaking (Xi’an) Technology Development Co., Ltd.» компаниясы іске асыруды көздеп отыр.
Форум аясында өткен панельдік сессияларда қатысушылар цифрлық және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты, Орталық Азия мен Қытай елдерінің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту, агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық тәсілдер мен тау-кен металлургия саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. Қатысушылар тәжірибе алмасуға, озық технологияларды енгізуге және мемлекетаралық инвестициялық әріптестікті кеңейтуге ниетті екендерін жеткізді. Форум B2B және B2G форматындағы келіссөздермен аяқталды.
Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай компаниялары арасында жалпы сомасы 24 миллиард АҚШ долларынан асатын 58 коммерциялық келісімге қол қойылды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және индустриаландыру жұмыстары бойынша қарқынды жұмыс атқарылып келеді.
Атап айтқанда, Жетісай ауданында өңір кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында Асықата кентінен 59 гектар жер аумағына «Жетісай» индустриалды аймағы құрылған болатын. Қазіргі таңда индустриалды аймақты инфрақұрылыммен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Аталған аумақта биыл жалпы құны 33 млрд теңгеге 11 жобаны қолға алу жоспарланған. Нәтижесінде 1 870 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес, 4 жоба мақұлданып, инвесторлар құрылыс жұмыстарын бастаған. Бұл жайында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Өңірде құрылған индустриалды аймақ ауданымыздың экономикасына өзіндік оң әсерін береріне сенім мол. Қазіргі таңда аумақта «ТST Zhetysai Group» ЖШС-і мақта өңдеу зауыты мен жіп иіру фабрикасының құрылысын бастады. Сондай-ақ, «Агро сүт» сүт өңдеу зауыты, «Бирлик — Е» мақта өңдеу , «Аltyn Kun Group» полиэтилен қалдықтарын, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыттары бой көтеруде. Айта кетейік, 2024 жылы ауданда құны 4,3 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылып, 262 жаңа жұмыс орны құрылған болатын» — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, аудан әкімі биылғы жылдың І тоқсанында жалпы өңірлік өнім көлемі 27,4 млрд теңгеге жеткенін жеткізді. Жалпы 2025 жылы бұл көрсеткішті 190,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. 2024 жылдың қорытындысында аудандағы өңірлік өнім көлемі 184,1 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 10 млрд теңгеге артығымен орындалған. Сондай-ақ, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2024 жылы 18,4 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 3,6 млрд теңгеге артқан. Биыл аталған көрсеткішті 21,2 млрд теңгеге жеткізу көзделіп, І тоқсанда өнеркәсіп өнім көлемі 4,6 млрд теңгені құрап отыр. Ауданның негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі де жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы 43,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге артығымен орындалған. Биылғы жылы да бұл көрсеткішті арттыра түсу көзделіп отыр.
Аудан экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында 10 мыңға жуық шаруа қожалығы қызмет атқарады. Бүгінгі күнге 79,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Биыл 1,2 мың гектар алқапқа ерте пісетін қырыққабат дақылы егіліп, 40 мың тоннадан астам өнім жинақталған. Қазіргі таңда диқандар қауын, қарбыз өнімін жинауды бастаған. Өнімнің басым бөлігі Ресей, Белоруссия, Қырғыз елдерімен қатар еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және басқа да облыстарға жолдануда. Жалпы ауданда өнім көлемін ұлғайту мақсатында 321 шаруа қожалық иелері 1,2 мың гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асыруда.
Өңір инфрақұрылымын жақсартуда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы пайдасын тигізуде. Бағдарлама аясында 2024 жылы 15 елді мекенде 15 жобаны іске асыруға 2,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржылар елді мекендерді газдандыруға, жолдарды жөндеуге, мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған. Нәтижесінде қазіргі таңда аудандағы елді мекендердің табиғи газбен қамту көрсеткіші 81,9%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 86,6%-ға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, аудан тұрғындарын ауызсумен қамту көрсеткіші 100%-ға жеткенін мәлімдеді Серік Үсенұлы.