Түркістан облысы, Созақ ауданындағы «Жұмбақ тау» этно-лагерінде өтіп жатқан «JasSAQ» республикалық этно-реалити жобасы аясында садақ ату сайысы сәтті өтті. Бұл сайыс ұлттық дәстүрді дәріптеп қана қоймай, жастар арасында мергендік, сабырлылық және жауапкершілік қасиеттерін дамытуға бағытталды. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар қатысты. Қатысушылар 6 командаға бөлініп, арнайы белгіленген нысанаға жебе атудан бақ сынады. Сайыс ашық аспан астында, табиғи ортада ұйымдастырылып, қатысушыларға ежелгі жауынгерлік дәстүрді тереңірек сезінуге мүмкіндік берді. Сайыс шарттары бойынша әр қатысушы бірнеше мүмкіндіктен жебе атты. Нысаналар әртүрлі қашықтықта орналастырылып, мергендіктің нақты деңгейі бағаланды. Жарыс барысында қатысушылар тыныштық пен байыптылықты сақтап, шеберліктерін барынша көрсете білді.
Сайыстың әділ әрі таза өтуін тәжірибелі әділқазылар алқасы мұқият қадағалады. Қатысушылар арасында командалық қолдау мен спорттық рух ерекше байқалды. Бұл сайыс қатысушылардың жеке қабілетін ғана емес, өзара сыйластық пен ынтымақтастықты да нығайтты. Сайыс соңында жоғары нәтижеге қол жеткізген қатысушылардың ұпайлары келесі сайыстың қорытындыларымен есептеп, шара соңында арнайы марапаттарға ие болады.
«Садақ ату – бұл халқымыздың батырлық болмысының көрінісі. Мұндай сайыстар арқылы жастар рухани тұрғыда өсіп, ұлттық тамырмен байланысын күшейтеді», – деді жобаға қатысушылардың бірі.
Түркістан облысы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «JasSAQ» республикалық этно-реалити жобасы аясында ләңгі тебу сайысы да жоғары деңгейде өткізілді.
Сайыстың мақсаты – жастар арасында ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, дене икемділігі мен ептілікті арттыру, сондай-ақ тарихи ойындар арқылы рухани-мәдени тәрбие беру.
Сайысқа еліміздің әр өңірінен келген жастар қызығушылықпен қатысып, 6 командаға бөлініп, өзара бақ сынады. Табиғи ортада, шөп үстінде өткен бұл жарыс қатысушыларға еркін ойнауға және ұлттық ойынның шынайы болмысын сезінуге мүмкіндік берді.
Сайыс шартына сәйкес, әр қатысушы белгіленген уақыт ішінде ләңгіні жерге түсірмей мүмкіндігінше көп тебуге тырысты. Әділқазылар ойыншының тепкен санына, қимыл үйлесіміне және тепкен тәсілдерінің тазалығына баға берді. Тепе-теңдік пен дәлдікті қажет ететін бұл ойын барысында қатысушылар жоғары шеберлік пен жаттыққан дайындықтарын көрсетті.
Сайыс барысында қатысушылар бір-бірін қолдап, командалық рух пен ынтымақты айқын танытты. Жарыс әділқазылардың мұқият бақылауымен, таза әрі әділетті түрде өтті. Қатысушылардың жинаған ұпайлары өзге сайыстармен біріктіріліп, жобаның қорытынды күнінде жеңімпаздар анықталып, арнайы марапаттарға ие болады. Қатысушыларға мадақтамалар мен ынталандыру сыйлықтары табысталмақ.
Сондай ақ, жастар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау, батырлық пен қайсарлықты дәріптеу, күш-қайрат пен әдіс-тәсіл үйлесімін қалыптастыру мақсатында қазақ күресінен сайыс ұйымдастырылды.
«Жұмбақ тау»этно-лагерінде өтіп жатқан «JasSAQ» республикалық этно-реалити жобасы аясында қазақ күресі сайысы ұлттық рухты көтерген тартысты бәсекеге айналды. Сайыс ашық алаңда, арнайы дайындалған күрес кілемінде өтті. Әр белдесу әділқазылардың бақылауымен өткізіліп, спортшылардың шеберлігі, қарсыласқа құрметі және ережені сақтауы қатаң ескерілді. Белдесу кезінде қатысушылар өздерінің төзімділігі мен тактикалық тәсілдерін көрсетті. Әр команда намысын қорғаған спортшылардың жеңіске деген жігері мен ерік-күші көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Сайыс барысында достық рух пен бір-біріне қолдау танытқан сәттер көп болды. Жастар арасындағы бұл белдесулер ұлттық спорттың тек жарыс қана емес, тәрбиелік мәні зор өнер екенін дәлелдеді. Белдесу нәтижелері жалпы командалық ұпайға қосылып, басқа сайыстармен бірге бағаланады. Жобаның жабылу рәсімінде үздіктер анықталып, арнайы марапаттар табысталатын болады.
Сонымен қатар, жоба аясында өткен қошқар көтеру сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық спорт элементтерін дәріптеп, жастардың физикалық дайындығы мен төзімділігін арттырып, сондай-ақ күш-жігер мен намыс сынды қасиеттерін ұштауды дәріптейтін сайысқа қатысушылар көп болды. Бұл сайыста шынайы қошқардың орнына арнайы дайындалған салмақты қап пайдаланылды. Қатысушылар 6 командаға бөлініп, белгіленген уақыт ішінде аталған салмақты құралды мүмкіндігінше көп рет көтеріп, күш сынасты. Сайыс табиғи ортада өтті. Әділқазылар әр қатысушының техникалық дұрыс көтеруіне, тепе-теңдікті сақтауына және жалпы қауіпсіздік талаптарын орындауына ерекше назар аударды. Жарыс барысында жастардың бойындағы күш, шыдамдылық және жеңіске деген жігері айқын көрінді. Бұл сайыс – бабалар мұрасынан шабыт алған, қазіргі заманға бейімделген ұлттық спорттық тартыстың көрінісі болды. Командалар бір-бірін қолдап, әділ әрі достық рухтағы сайысты қамтамасыз етті. Қатысушылардың көрсеткіштері арнайы хаттамаға тіркеліп, жалпы командалық ұпайға қосылды.

