Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен Түркістан облысы, Созақ ауданындағы «Жұмбақ тау»этно-лагерінде өтіп жатқан «JasSAQ» республикалық этно-реалити жобасы қызу өтіп жатыр. Жоба аясында қыздар арасында күбі пісуден сайыс өтті. Сайыстың мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту, тұрмыстық мұраны дәріптеу арқылы жастардың еңбекқорлық, ептілік және төзімділік қасиеттерін дамыту. Сайысқа қыздар 6 команда құрамында қатысты. Қатысушылар арнайы дайындалған ағаш күбі мен піспек арқылы айран пісу үдерісін орындады.
Жарыс барысында қыздардың шапшаңдығы, үйлесімді қозғалысы және еңбекке деген жауапкершілігі бағаланды. Белгіленген уақыт ішінде піскен өнімнің сапасы мен пісу әдісінің дұрыстығына ерекше назар аударылды.
Сайыстың әділқазылары ретінде арнайы шақырылған ауылдық ақ жаулықты әжелер төрелік етті. Олар ұлттық дәстүрге негізделген пісіру тәсілдерін бағалап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл қатысушыларға ерекше рух пен шабыт сыйлады.
Сайыс соңында қатысушылардың бірі өз әсерімен бөлісті:
«Қазақ халқының тұрмыстық салт дәртүрлері қашанда құнды, сонысымен кейінгі ұрпаққа қызық. Соңғы уақытта ұмыт болып бара жатқан тұрмыстық салт дәстүрлерді жаңғыртуға осындай жобалар тікелей әсер етеді. Жоба өте керемет өтіп жатыр. Табиғаты әсем Созақ өңірінің қойнауы тарихқа толы екені даусыз. Осындай жерге келіп, санамызды жаңғыртып, ұмыт болып жатқан дүниелерді еске түсіріп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Мәселен, бұрын күбі пісуді тек кітаптан немесе теледидардан көретінбіз. Бүгін соны өз қолымызбен жасап, оның техникасын көзбен көріп, қолмен ұстап біліп жатырмыз. Әжелерімізден жақсы бағасын алу ерекше әсер сыйлады. Бұл тек сайыс емес, үлкен тәрбиелк мәні бар шара болды», – дейді қатысушылар. .
Сайыс нәтижелері әділқазылар шешімімен хаттамаға енгізіліп, жалпы командалық ұпайға қосылды. Жобаның қорытынды сәтінде үздік қатысушылар марапатталады.
Арқан тарту сайысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Сайыстың мақсаты – ұлттық ойындар арқылы жастардың ұйымшылдығы мен командалық рухын арттыру, күш-қайрат пен жеңіске деген жігерді шыңдау. Жастар 6 командаға бөлініп, сайысты қыздыра түсті. Арқан тарту – нағыз төзімділік, өзара үйлесім және тактикалық шеберлікті қажет ететін ұлттық ойын түрі. Әр команда жеңіске жету үшін бар күшін жұмылдырды.
Белгіленген арнайы алаңда ұйымдастырылған бұл сайыс өте тартысты өтті. Қатысушылардың қауіпсіздігі мен сайыстың әділ өтуін тәжірибелі төрешілер бақылап отырды. Әр жұптық кездесу 3 айналымнан тұрды, нәтижесі нақты ұпаймен есептелді. Сайыс барысында жастардың бойындағы бірлік, төзімділік, шыдамдылық пен сенім айқын байқалды. Командалар бірін-бірі жігерлендіріп, ұжымдық күшпен жеңіске жетуге талпынды. Бұл – тек жарыс емес, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиелік шара болды.
Республикалық «JasSAQ» телевизиялық этно-реалити жобасының жабылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған этно-реалити форматындағы бұл бірегей жобаға еліміздің 17 өңірінен келген 100-ге жуық жас қатысты. Жоба аясында қатысушылар ұлттық спорттық және тұрмыстық бағыттағы 7 түрлі сайысқа қатысып, мергендік, күш, ептілік, шеберлік сынды қасиеттерін сынап көрді. Жобаның қорытынды сәтінде барлық қатысушылар мен командалар ұлттық рух пен белсенділік танытқаны үшін арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сайыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар:
1-орын – “Қырандар” командасы
2-орын – “Көк бөрі” командасы
3-орын – “Nomad” командасы
Ынталандыру сыйлықтары иегерлері:
– “Яссауи”
– “Алмас қылыш”
– “Алаш ұрпақтары”
Салтанатты жабылу рәсімінде Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Нұралы қатысушыларға алғыс білдіріп, жобаның жастар үшін маңызын атап өтті:
— «JasSAQ – бұл жай ғана жарыс емес, бұл – ұрпақты тәрбиелеудің, ұлтты біріктірудің заманауи үлгісі. Жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен жауапкершілігінің жоғары болуы бізді қуантады», – деді ол.
Екі күнге созылған этно-реалити жоба аясында қатысушылар:
Ұлттық спорт және тұрмыстық сайыстарға қатысты, рухани-мәдени сабақтар арқылы салт-дәстүрмен терең танысты, жаңа достар тауып, командалық бірлік пен ұлттық рухты сезінді. Жабылу салтанатын «Ақбұлақ» жайдарман командасы жүргізіп, көңілді ойындар мен әзілдері арқылы қатысушылардың көңілін көтерді. Сонымен қатар, шарада бишілер өнер көрсетті, «Созақ серілері» тобы ұлттық ән-жырмен көрерменді тәнті етті. Кеш соңында жастар алау жағып, естелік суретке түсті
«JasSAQ» – ұрпақ және ұлт рухын қосқан жоба екені даусыз.

