Сайлау – демократиялық қоғамның басты тіректерінің бірі. Әрбір азаматтың дауыс беру арқылы ел басқару ісіне қатысуы – оның конституциялық құқығы ғана емес, сондай-ақ азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Ал бұл құқықты дұрыс түсіну мен саналы түрде жүзеге асыру – қоғамдағы саяси мәдениеттің деңгейіне тікелей байланысты. Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде Алматы қаласында сайлау мәдениетін нығайту бағытында нақты әрі нәтижелі қадамдар жасалып келеді. Бұл – тек ресми іс-шаралармен шектелмей, жастар арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыру, сайлау үдерісіне ашықтық пен сенімді күшейту сынды маңызды тетіктерді қамтитын кешенді жұмыс.
⠀
Сайлау науқандарының ұйымдастырылуы, сайлаушылардың белсенділігі, бақылаушылармен өзара іс-қимыл, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жағдай жасау – осының бәрі Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясының тұрақты назарында. Осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде aggregator.kz ақпараттық порталының тілшісі Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әсет Туматовтан сұхбат алды.
Әсет мырза, Алматы қаласында сайлау мәдениеті қалай қалыптасуда? Соңғы жылдары қандай оң өзгерістерді атап өтуге болады?
Бүгінгі таңда Алматыда сайлау мәдениеті біртіндеп қалыптасып қана қоймай, қарқынды дамып келеді. Бұл, әсіресе, жастармен жүйелі түрде жүргізіліп жатқан білім беру жобалары арқылы көрініс табады. 2024 жылы 1457 оқыту іс-шарасы ұйымдастырылып, 11 213 адам қамтылса, 2025 жылы 994 іс-шара өткізіліп, 15 911 адам каскадтық әдіспен оқытылды.
Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында Дүниежүзілік сайлау күні аясында түрлі форматтағы кездесулер, сынып сағаттары, байқаулар мен зияткерлік ойындар өткізілді. Мәселен, 2025 жылғы 3 ақпанда 215 мектептің 7080 сыныбында бір мезгілде «Әр дауыстың маңызы бар» атты сынып сағаты өтті. Оған 171 232 оқушы қатысты. Бұл – үлкен көрсеткіш.
– Қалалықтардың сайлауға қатысу белсенділігі қандай деңгейде?
– Бұл көрсеткіш бірқатар факторға байланысты өзгеріп отырады. Соңғы үш ірі науқанды алсақ:
* 2022 жылғы Президент сайлауында – 28,69%
* 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында – 25,15%
* 2024 жылғы референдумда – 25,21%
Бұл көрсеткіштерді оң динамикаға бағыттау үшін біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп отырмыз.
Азаматтардың сайлау үдерістеріне қатысуын арттыру үшін қандай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі?
Дәстүрлі ақпараттандыру тәсілдерінен бөлек, дауыс беру уақыты мен орны туралы ақпарат беру үшін SMS-хабарлама тарату, Telegram-боттар, колл-орталықтар белсенді түрде қолданылады. Сонымен қатар, білім беру бастамалары, конкурстар мен ағартушылық кампаниялар да белсенді жүзеге асырылуда.
Бақылаушылар институтының рөлі қалай күшейтіледі? Олармен өзара әрекет қандай форматта жүзеге асырылады?
Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес, сайлау органдары сайлауларды бақылау үшін халықаралық және ұлттық бақылаушыларды белсенді түрде аккредитациялайды. Бұл сайлау үдерісінің ашықтығы мен оған деген сенімді арттыруға септігін тигізеді.
Алматы қаласында сайлау комиссиясы бақылаушылармен және халықаралық ұйымдармен белсенді түрде өзара әрекет етеді. Бақылаушылар өз функцияларын тиімді атқара алуы үшін семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Бұл шараларда олардың құқықтары мен міндеттері, сайлау өткізу тәртібі, заң бұзушылықтарды тіркеу жолдары түсіндіріледі.
Бақылаушылар ұйымдарынан нұсқаулықтар, есеп үлгілері сияқты ақпараттық материалдар алады. Олар заң бұзушылықтарды тіркеуге және сайлау комиссиясына шағым түсіруге құқылы. Бұл шағымдар белгіленген мерзімде қаралады. Халықаралық бақылаушылар сайлау процесінің ашықтығы, әділеттілігі туралы қорытынды береді.
Сайлау учаскелерінде ашықтық пен қолжетімділік қалай қамтамасыз етіледі?
Әр сайлау учаскесінде саяси партиялар мен халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың бақылаушылары жұмыс істейді. Дауыс беру аяқталған соң, учаскелік хаттамалар дереу жарияланады.
Жаңа учаскелер ашылған сайын ғимараттардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімділігіне мониторинг жүргізіледі. Бұл жұмысқа әкімдіктер, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, сайлау комиссиялары және «Ten Qogam» ұйымының өкілдері қатысады. Тексеру барысында пандустар, кедергісіз кіру, жарықтандыру, қауіпсіздік талаптарының орындалуы назарға алынады.
Мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жабдықталған бұрыштар компьютермен, наушникпен, үлкейткішпен қамтамасыз етіледі. Көзі көрмейтіндер үшін арнайы трафареттер дайындалады.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Алматыда 575 сайлау учаскесі инклюзивті талаптарға сай келеді. Сонымен қатар, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін үйден дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. 2024 жылғы референдумда мүгедектігі бар 1761 азамат дауыс берді.
Сұхбаттың жалғасы бар.
Олжас Әбдіхалық

