Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасынан іріктелген үздік 5 студент өңір намысын қорғап, түрлі форматтағы белсенді жұмыстарға қатысып жатыр.
2025 жылғы 21–23 шілде аралығында Ақмола облысындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының филиалында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің республикалық слеті өтуде. Шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен және “Жұмысшы мамандықтар” жылы аясында ұйымдастырылған.
Бұл ауқымды жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастар қатысуда. Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасынан іріктелген үздік 5 студент өңір намысын қорғап, түрлі форматтағы белсенді жұмыстарға қатысып жатыр. Олар интеллектуалдық жарыстар мен практикалық тапсырмаларда жоғары нәтиже көрсетіп, өз білімдері мен кәсіби дағдыларын арттыруда.
Слеттің негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру, жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту және заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие болуға дайындау. Бағдарлама аясында еңбек нарығындағы өзекті мәселелер талқыланып, мансаптық өсу мен кәсіби бағдар берудің жаңа мүмкіндіктері ұсынылды. Сондай-ақ, мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтар, тәжірибелік сессиялар мен командалық белсенділіктер ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосулар студенттердің кәсіби өсуіне серпін беріп қана қоймай, олардың өз саласына деген қызығушылығын арттырады. Шымкенттік қатысушылар да бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өздерінің еңбекқорлығы мен шығармашылығын көрсете білді.
Слет қорытындысында үздік нәтижеге қол жеткізген жастар марапатталып, алдағы уақытта да республикалық және халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысуға мүмкіндік алады.
1654 символ

