Алматы – ел экономикасының үлкен тірегі. Қала бүгінде республиканың ЖІӨ-нің 21,8%-ын және мемлекеттік бюджеттің 26%-ын қалыптастырып отыр. Экономикалық дамудың осындай қарқыны мен құрылымы кездейсоқ емес – мұның артында жүйелі жоспарлау, батыл реформалар мен заманауи басқару модельдері тұр. Осы орайда aggregator.kz тілшісі Алматы қаласы Экономика басқармасы басшысының орынбасары Әлия Исмарқызымен сұхбаттасып, қаланың қазіргі экономикалық жағдайы, болашағы және жүзеге асып жатқан реформалар туралы әңгімелесті.
– Әлия Исмарқызы, Алматы қаласының өткен жылғы экономикалық көрсеткіштеріне қарасақ республика көлемінде ең жоғары деңгейде тұр. Бұл табыстың негізгі факторлары қандай?
– Иә, 2024 жыл Алматы үшін айтарлықтай табысты жыл болды. Экономика 5,6%-ға өсіп, жан басына шаққандағы ЖІӨ 27,5 мың АҚШ долларына жетті. Мұның басты себептері – сауда, қаржы, қызмет көрсету салаларының тұрақты өсуі, инвестклиматтың жақсаруы және шағын және орта бизнесті қолдау шаралары. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау бағдарламалары, инфрақұрылымның жаңғыруы және цифрлық шешімдердің енгізілуі де осы жетістікке ықпал етті.
– Қала экономикасының құрылымына қарасақ, сауда мен қызмет көрсету саласы басым. Бұл бағыттарды әртараптандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Дұрыс байқадыңыз. Қазіргі уақытта сауда 34,9%-ды құрайды. Бірақ біз экономиканы әртараптандыру үшін өңдеу өнеркәсібін, ІТ секторын, ғылыми-техникалық қызметті және жасыл технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Қазіргі таңда «Алматы – цифрлық қала», «Жасыл Алматы», «Smart City» сынды бастамалар аясында заманауи өндіріс орындары мен инновациялық кластерлер қалыптасып келеді.
– 2024 жылы қалаға 5,8 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылыпты. Алматы шетелдік инвесторлар үшін қаншалықты тартымды?
– Бүгінде Алматы – шикізаттық емес секторға инвестициялар тарту бойынша елдегі басты хаб. Шетелдік инвесторлар үшін бізде тұрақты заңнамалық база, білікті жұмыс күші, қолайлы географиялық орналасу және ашық диалог алаңдары бар. Біз «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлармен жұмыс істейміз және олардың жобаларын қолдауға толық дайынбыз.
– Шағын және орта бизнесті қолдау Алматы экономикасының басты бағыты екені белгілі. Бұл салада қандай жаңа бастамалар жүзеге асырылуда?
– Былтыр шағын және орта бизнеске 53,1 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бұл 2507 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді. 2025 жылға арналған жоспар – 4 мыңнан астам жаңа жобаны қолдау. Біз тек қаржылық қолдау ғана емес, сонымен қатар оқыту, цифрландыру, нарыққа шығу мүмкіндіктерін де ұсынамыз.
– Қаланың инфрақұрылымын дамыту экономиканың өсуіне қалай әсер етуде?
– Инфрақұрылым – бұл экономикалық өсудің іргетасы. 2024 жылы 294 км су, 223 км электр желілері жаңғыртылды. Метро, қоғамдық көлік, жолдар – барлығы қаланың ішкі логистикасын жақсартуға, бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, «жасыл инфрақұрылым» жобалары қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруда.
– Жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Бұл тек жұмыс орындарының көбеюі ме, әлде құрылымдық өзгерістердің нәтижесі ме?
– Бұл екі фактордың нәтижесі. 2024 жылы 73,9 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 83% тұрақты жұмыс орындары. Сонымен қатар, еңбек нарығында кәсіби қайта даярлау, жастарды жұмысқа тарту, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау секілді бағыттар белсенді жүріп жатыр. Мұның барлығы – жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
– «Алматы – Smart City» жобасы аясында қандай нақты нәтижелер бар?
– Бұл жоба тек цифрландыру емес, қаланың тиімді әрі ашық басқару моделіне өтуі. Қазірдің өзінде 770 газбен жүретін автобус, 115 электробус іске қосылды. Қоғамдық көлік маршруттары мен жүктемесі цифрлық түрде бақыланады. «Open Almaty», «Almaty Bus», «Egov» секілді платформалар арқылы тұрғындарға қолжетімді қызмет түрлері артып келеді. Жасанды интеллект көмегімен жол қозғалысы мен ауа сапасын басқару бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
– Қала экологиясы жайында да сұрамай кетуге болмас. Ауа сапасын жақсартуға нақты қандай қадамдар жасалды?
– Бұл біз үшін аса маңызды мәселе. 96 жаңа ауа сапасы сенсоры орнатылды, 400 автоматтандырылған станцияның жобасы дайындалуда. Автокөліктен шығатын зиянды заттардың көлемі 60%-ды құрап отыр, сондықтан экологиялық көлік паркін ұлғайту басты назарда. 643 мың ағаш пен бұта отырғызылып, АВТО суару жүйелері 1 млн ағашты қамтитындай кеңейтілді. Бұл табиғи орта мен экологиялық тепе-теңдікті сақтауға зор үлес қосады.
– Болашаққа қандай жоспарлар бар? Алматы экономикасының негізгі бағыты қандай болады деп ойлайсыз?
– Біздің мақсат – Алматыны Еуразия кеңістігіндегі ең тартымды, инновациялық, тұрақты қалаға айналдыру. Ол үшін 2040 жылға дейінгі Бас жоспар, 2030 жылға дейінгі көлік және тұрғын үй бағдарламалары қабылданды. Болашақ – цифрлық экономиканы, ғылым мен білімді, «жасыл» инвестицияны, инклюзивті өсімді дамытуда.
– Әлия Исмарқызы, ашық сұхбатыңызға рахмет!
– Сіздерге де алғыс! Алматы – баршамыздың ортақ үйіміз. Біз оны бірге дамытып, өркендетуге тиіспіз.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

