Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ОСИ төрағасы көрші ОСИ-ге шағым түсірді. Оның айтуынша, көрші ОСИ шлагбаум орнатып, соның салдарынан тұрғындардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтірген.
Шағым түскеннен кейін уәкілетті мемлекеттік орган тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде шлагбаум орнатылған жер телімінің заңсыз пайдаланылғаны анықталды. Аталған жер мемлекеттік меншікке тиесілі болған.
Осыған байланысты ОСИ-ге шлагбаумды бір айдың ішінде демонтаждау туралы нұсқама берілді.
Алайда белгіленген мерзімде нұсқама орындалмады. Соның салдарынан ОСИ-ге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 136-бабы бойынша — мемлекеттік жерге меншік құқығын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұдан кейін ОСИ берілген нұсқамамен келіспей, оны сот арқылы даулауға тырысты.
Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, көшпелі сот отырысы барысында шлагбаумдардың мемлекеттік меншіктегі жер учаскесінде және ортақ пайдаланудағы жолда тиісті құқық белгілейтін құжаттарсыз әрі мемлекеттік тіркеусіз орнатылғаны анықталған.
Сот бұл жердің өз бетінше иеленілгенін растады. ОСИ-дің шлагбаумды өздері орнатпадық деген уәжі сот тарапынан қабылданбады.
Сотта түсіндірілгендей, құқық бұзушылық болып жерді ресми рұқсатсыз және тіркеусіз пайдалану фактісінің өзі саналады. Осыған байланысты талап-арыз қанағаттандырылмады.
Сонымен қатар сот талапкерден жерге орналастырушы маманның қатысу шығындарын және мүдделі тараптың өкілінің қызметі үшін кеткен шығындарды өндіріп алды. Бұл сома келісімшарттар мен төлем құжаттарымен расталып, жалпы 300 мың теңгені құрады.
Осылайша сот шлагбаумды демонтаждау туралы талаптың заңды екенін толықтай растады.
