Әлеуметтік желілерде жанып жатқан автокөліктер бейнеленген видео тарады. Куәгерлердің хабарлауынша, оқиға құрылыс колледжі маңында болған.
Қала тұрғындарының чаттарында Семей қаласының «Юность» шағын ауданында, «Юность» құрылыс колледжінің маңында екі автокөліктің өртенгені туралы видео мен хабарламалар тарады. Куәгерлердің айтуынша, бұл оқиға қасақана жасалуы мүмкін.
Полицияның жауабы
Абай облысының полиция департаменті болған жағдайға байланысты түсініктеме берді.
«25 қаңтар күні сағат 18:10-да бұрын сотталған 66 жастағы жергілікті тұрғын мас күйінде учаскелік полиция пунктінің маңында заңсыз әрекет жасап, полиция қызметкерлеріне тиесілі Chevrolet Cobalt және Changan маркалы екі автокөлікті өртеп жіберген», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар, полиция өкілдері ер адамға Қылмыстық кодекстің 202-бабының 2-бөлігі («Өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын нақтылады.
Бұған дейін Жетісу облысында сот 25 жастағы тұрғынға ашу үстінде ойын-сауық орталығын қиратқан әрі өртегені үшін үкім шығарғаны хабарланған болатын.
