АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай электромобильдерін төмендетілген тарифпен елге кіргізуге мүмкіндік беретін Канада мен Қытай арасындағы келісімді қатаң сынға алды.
Әңгіме 2026 жылдың қаңтарында жасалған келісім туралы болып отыр. Оның аясында Канада Қытайдан әкелінетін электромобильдерге салынатын баж салығын 100 пайыздан 6,1 пайызға дейін төмендеткен. Алайда бұл жеңілдік шектеулі көлемге ғана қатысты: жылына 49 мың көлікке дейін. Бұл Канада автонарығының шамамен 3 пайызына тең. Өз кезегінде Қытай кейбір канадалық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын баж салығын азайтқан.
Truth Social әлеуметтік желісіндегі бірқатар жазбаларында Трамп бұл келісімді «катастрофа» деп атады. Ол Канада осы бағытта әрекетін жалғастыратын болса, АҚШ Канададан әкелінетін барлық тауарға 100 пайыздық тариф енгізетінін ескертті.
Дереккөздің жазуынша, Канада билігі келісімді қорғап отыр. Олар квота көлемінің шағын екенін және келісімнің АҚШ–Мексика–Канада арасындағы сауда келісімінің талаптарына сай екенін алға тартады. Канадалық тараптың айтуынша, негізгі мақсат — электромобильдерді халық үшін қолжетімді ету және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға тиімді жағдай жасау.
Сарапшылардың пікірінше, импорт көлемі шектеулі болғанымен, арзан әрі сапалы қытайлық электромобильдер Канада нарығында айтарлықтай үлеске ие болуы мүмкін. Бұл жағдай әлем бойынша қытайлық бәсекелестерден позициясын жоғалтып жатқан америкалық автоконцерндерді алаңдатып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайда жүріс қоры бойынша жаңа рекорд орнатқан кроссовер таныстырылғаны белгілі болды.
Сондай-ақ Қытайдың тұрмыстық техника өндірушісі 1800 ат күшіне ие электрокар шығарды.
Ал SAIC қытайлық компаниясы Porsche Taycan моделін қатты еске салатын Saic Z7 электрлі фастбэгінің тизерлері мен суреттерін ұсынды.
