Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы NCOC мұнай компаниясының бөлім басшысы, 46 жастағы Бибігүл Шпанованы өлтірген ер адамға шығарылған өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін күшінде қалдырды.
Не болды
Еске салайық, Атырау қаласының 38 жастағы тұрғыны бұрын сотталған, тұрақты жұмысы болмаған. Ол өзін жөндеу жұмыстарымен айналысатын шебер ретінде таныстырып, «Французский квартал» тұрғын үй кешенінің тұрғындарының сеніміне кірген. Дәл осы тұрғын үйден Бибігүл Шпанова жаңа пәтер сатып алған болатын.
Әйел автотұрақ орнын сатып алуды жоспарлап, 2022 жылы айыпталушыға жеңілдікпен орын алып беруге көмектесуі үшін 400 мың теңге берген. Алайда ер адам ақшаны иемденіп, уәде етілген автотұрақты бермеген. Бір жылдан кейін Бибігүл Шпанова одан келісімді еске салып, шағым түсіретінін ескерткен.
Осыдан кейін, 29 сәуір күні ер адам құжат рәсімдеу сылтауымен оның үйіне келіп, әйелге шабуыл жасаған. Ол бірнеше рет пышақ жарақатын салып, зорлаған, ұялы телефонын, қомақты ақша мен бағалы заттарын алып, кейін марқұмның көлігін айдап кеткен. Қашу барысында жол-көлік оқиғасына да түскен.
Кейін ол Маңғыстау облысында ұсталды. Оның жанынан ұрланған заттар табылған. Жүкті болған Бибігүл Шпанова өз пәтерінде көз жұмды.
Бірінші сот үкімі
Сот процесі жабық режимде өтті. Айыпталушыға алаяқтық, зорлау, ұрлық, көлік айдап кету және ерекше қатыгездікпен, дәрменсіз жағдайда болған жүкті әйелді өлтіру баптары бойынша айып тағылды (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі, 120-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы, 99-бабы 2-бөлігінің 4, 5, 10-тармақтары, 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, 200-бабы 1-бөлігі).
Сот барысында ер адам кісі өлтіргенін мойындады. Сот оны төтенше қауіпсіздік режиміндегі мекемеде өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Апелляция не шешті
Қылмыстық іс Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында сотталған адам мен оның қорғаушысының апелляциялық шағымдары бойынша қайта қаралды. Алайда алқа үкімді өзгертуге немесе жоюға негіз таппады.
Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.
