Атырау қаласында 9 қаңтар күні жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровтың денесі табылды. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 28 қаңтар күні ер адамның мәйіті өзеннен шамамен екі метр тереңдікте, бұған дейін оның жеке заттары табылған жерден 100 метр қашықтықта анықталған. Марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
БАҚ мәліметіне сәйкес, Талғат Назаров Атырауға Кокарна ауылынан келген. Туыстарының айтуынша, ол қалаға дәрігердің кеңесін алу үшін барған, алайда үйіне қайта оралмаған. Бірнеше күннен кейін Жайық өзенінің жағасынан оның ұялы телефоны мен бас киімі табылған.
Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және еріктілер жұмылдырылды. Мамандар өзен жағалауын және түбін тексеріп, сүңгуірлік жұмыстар жүргізді, суасты дроны мен ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданды. Іздеу жұмыстары қатты ағыс, су астындағы көрінудің төмендігі және күрделі гидрологиялық жағдайға байланысты қиындатылған.
Қазіргі уақытта ер адамның қаза болу себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін 15 қаңтар күні Петропавл қаласында ауруханаға кетіп, қайта оралмаған зейнеткер әйелдің мәйіті табылған болатын.

