Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Халықаралық валюта қорының Қазақстан экономикасының шамадан тыс «қызып кетуі» мүмкін екені жөніндегі болжамдарына жауап берді.
Министрлік таратқан хабарламада ХВҚ-ның мұндай бағалаулары елде жүріп жатқан құрылымдық өзгерістерді ескере отырып, қосымша түсіндіруді қажет ететіні айтылған.
«Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау экономиканың шамадан тыс кеңею кезеңінде емес, сау әрі теңгерімді трансформация кезеңінде тұрғанын көрсетеді. “Қызып кету” ұғымы экономиканың әлеуетінен жоғары өсуін және ресурстар тапшылығын білдіреді. Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай белгілер байқалмайды», — деп мәлімдеді министрлік.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы экономиканың 6,5 пайызға өсуі және 2026 жылы кемінде 5 пайыз деңгейінде сақталуы нақты өндірістік қуаттардың кеңеюімен, сондай-ақ өндірістік және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді перспективада сапалы экономикалық өсудің әлеуетін қалыптастырады.
«2025–2026 жылдары экономиканың негізгі қозғаушы күші мұнай-газ саласы емес, өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика және ішкі сауда сияқты мұнайға тәуелсіз секторлар болып қала береді», — делінген хабарламада.
Орта мерзімді кезеңде экономикалық саясаттың басты бағыты саудаланатын секторларды дамытуға, өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға және инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталады. Ал тау-кен өндірісі, соның ішінде мұнай-газ секторы, экономиканың негізгі өсім көзі ретінде қарастырылмайды.
Министрлік өткен жылы Үкімет қабылдаған тарифтік саясатты түзету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу шараларының нәтижесінде 2025 жылдың қазан айынан бастап жылдық инфляцияның баяулау үрдісі айқын байқалғанын атап өтті.
«Инфляция 2025 жылдың қыркүйегіндегі 12,9 пайыздан желтоқсанда 12,3 пайызға дейін төмендеді. Шарықтау шегінен кейін инфляция жоспарлы түрде төмендеу кезеңіне өтті. Болжам бойынша, биыл инфляция деңгейі төмендеуін жалғастырып, жылдың соңына қарай 9–11 пайыздық мақсатты дәлізде қалыптасады», — деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар министрлік 2026 жылғы бюджетте Ұлттық қордан мақсатты трансферттер тарту көзделмегенін, ал кепілдендірілген трансферттердің көлемі 2 триллион 770 миллиард теңгемен қатаң шектелгенін мәлімдеді.
«Осылайша, қазіргі Қазақстан экономикасы — өсімді ынталандыру мен макроэкономикалық тұрақтылықты сақтаудың прагматикалық тепе-теңдігінің үлгісі. Қазіргі динамика “қызып кетуді” емес, біртіндеп жүріп жатқан құрылымдық трансформацияны көрсетеді: ел тек тұтынумен шектелмей, болашағына белсенді түрде инвестиция салып отыр және сонымен қатар негізгі қаржылық көрсеткіштерге бақылауды сақтап, бюджеттік тәртіп талаптарын орындауда», — деп түйіндеді Ұлттық экономика министрлігі.
Айта кетейік, бұған дейін Халықаралық валюта қоры инфляция тәуекелдерін бағалап, Қазақстан экономикасының қызып кетуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Бұл туралы қор сарапшыларының есебінде айтылған.
Анықтама:
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) — әлемдік экономиканың тұрақтылығын бақылайтын халықаралық ұйым. Ол елдердің экономикалық жағдайын талдап, үкіметтерге ұсынымдар береді және қаржылық немесе валюталық қиындықтарға тап болған мемлекеттерге қолдау көрсетеді. ХВҚ-ның негізгі мақсаты — экономикалық дағдарыстардың, инфляцияның және валюта бағамының күрт құлдырауының алдын алу.
