
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың айтуынша, ұсынылып отырған құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған анағұрлым тұрақты әрі түсінікті кепілдіктер жүйесін қалыптастырады. Оның сөзінше, жоба құқықтық айқындықты күшейтіп, сот арқылы қорғану тетіктерін кеңейтеді және адамға бағытталған басқару моделін мемлекеттің негізгі қағидаты ретінде бекітеді.
Ластаев жаңа Конституция жобасы азаматтардың күнделікті өмірде бетпе-бет келетін нақты жағдайларын ескеретінін, сондай-ақ адамның негізгі құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін негізсіз шешімдердің алдын алуға бағытталғанын атап өтті.
Оның пікірінше, бұл құжат қоғамның әділдікке, қауіпсіздікке және адам қадір-қасиетін құрметтеуге деген сұранысына толық жауап береді. Жүргізілген кең ауқымды жұмыс пен ашық талқылауды ескере отырып, жоба халықтық референдумға шығаруға лайық әрі азаматтардың мүддесін білдіретін құжат ретінде қолдауға ие бола алады.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева да осы ұстанымды қолдады. Ол ұсынылған нормалардың бекітілуі мемлекеттік институттардың қызметін құқықтық тұрғыдан айқын әрі болжамды етуге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар, өтпелі кезеңде әрбір мемлекеттік органның өкілеттік шегін нақты түсіну маңызды екенін жеткізді.
Имашеваның пікірінше, қорытынды және өтпелі ережелер бөлімі толық пысықталғаннан кейін Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруға дайын деп тануға болады.
Конституциялық комиссияның оныншы отырысында саясаттанушы Марат Шибутов Негізгі заңның кейбір баптары бойынша жұмыс әлі де жалғасып жатқанын хабарлады. Дегенмен, ол қазіргі нұсқа әртүрлі саладағы, әрқилы тәжірибесі мен көзқарасы бар мамандардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. Осыған байланысты, оның айтуынша, жоба жалпыұлттық дауыс беруге ұсынуға әбден дайын.
Бұған дейінгі отырыстарда не талқыланды
Комиссияның оныншы отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сыбайлас жемқорлар жеке тұлғалардан заңсыз иемденген активтерді қайтару мәселесін реттеуді ұсынды.
Ал депутат Мұрат Әбенов Қазақстанда «институционалдық күйреу» қаупін болдырмау қажет екенін айтып, Парламентті таратуға қатысты нормаларды қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ ол «бас тарту мәдениетінің» дамуына қарсы пікір білдірді.
Тоғызыншы отырыста комиссия мүшелері теңгені конституциялық деңгейде ұлттық валюта ретінде бекіту бастамасын қолдады. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституцияда азаматтыққа қатысты нормалар нақтыланатынын хабарлады.
Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева орта білім мен денсаулық сақтау туралы баптардан «тегін» деген сөздің не себепті алынып тасталғанын түсіндірді. Сонымен қатар, ол жаңа Конституция жобасы сөз бостандығын қалай қамтамасыз ететінін, сонымен бірге ар-намыс пен жеке өмірдің қорғалуын қалай үйлестіретінін баяндады.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияны өзге елдерден көшіріп алуға болмайтынын және құжатта ұлттық ерекшеліктер қалай ескерілгенін түсіндірді. Ол сондай-ақ қазіргі Конституцияны дайындау кезінде жіберілген бірқатар қателіктер жаңа жобада түзетілгенін айтты.
Айта кетейік, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия 2026 жылғы 21 қаңтарда Президенттің жарлығымен құрылған. Комиссияның негізгі міндеті — конституциялық реформаны жүзеге асыруға арналған ұсыныстар әзірлеу.
Бұған дейін Мемлекет басшысы бастапқыда Конституцияның шамамен 40 бабын өзгерту жоспарланғанын, алайда жұмыс барысында түзетулер әлдеқайда көп қажет болғанын айтқан еді.
Жаңа Конституция жобасының мазмұны
31 қаңтарда жаңа Конституция жобасының толық мазмұны жарияланды. Құжатты бұған дейін Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырған болатын.
Жоба кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Конституциялық соттың ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, жаңа преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалған. Сонымен қатар, ел бірлігі, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленген.
Сондай-ақ, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі — Қазақстан халқы екені нақты бекітілген.
