Сот мәліметінше, оқиға 2025 жылдың 27 шілдесінде таңғы сағат 08:30 шамасында Алматы–Екатеринбург тасжолында болған. Гүлайым Рахмонова басқарған Toyota Land Cruiser көлігі жолда келе жатып, жүргізушінің шаршаңқы күйіне байланысты бақылаудан шығып кеткен. Салдарынан көлік қарсы бағытқа өтіп, жол апатына ұшырап, аударылған.
Жол-көлік оқиғасы ауыр зардаптарға әкелді. Көлікте болған екі жолаушы – айыпталушының жақын туыстары – оқиға орнында қаза тапқан. Тағы екі адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Жүргізушінің өзі де медициналық көмекке жүгінген.
Сот барысында айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен расталғаны айтылды. Жәбірленуші тарап оны кешірген және азаматтық талап арыз бермеген. Соған қарамастан, Гүлайым Рахмонова өз кінәсін мойындамаған.
Сот шешімімен ол Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қосымша 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен бірге, сот айыпталушының төрт кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды.
Айта кетейік, бұл үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


