Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай ісі әлі де Қазақстан билігінің бақылауында. Бұл туралы Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ерлан Утегенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Тұрлыбайды елге экстрадициялау мәселесі бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
«Бұл мәселе үнемі бақылауымызда. Ол біздің назарымыздан тыс қалған емес», — деді Утегенов.
Ақжарқын Тұрлыбай Қытайда 2014 жылы есірткі контрабандасы айыбымен ұсталып, кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Содан бері Қазақстан тарапы оны елге қайтару бағытында бірнеше рет әрекет жасағанымен, нақты нәтиже әлі жоқ.
Бұл мәселе 2022 жылдан бері жиі көтеріліп келеді. Сол кезде адвокат Сункар Нурмагамбетов сотталған азаматты Қазақстанға беру заң жүзінде мүмкін екенін айтқан. Алайда ол үшін алдымен өмір бойғы жаза мерзімін белгілі бір мерзімге ауыстыру қажет. Тек содан кейін ғана екі ел арасындағы келісім аясында экстрадиция рәсімі жүзеге аса алады.
Адвокаттың мәліметінше, Тұрлыбайды Қазақстанға беру туралы өтініш алғаш рет 2016 жылдың сәуірінде жолданған. Ал 2025 жылдың басында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өз тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданғанын мәлімдеп, әрі қарайғы шешім Бас прокуратураға байланысты екенін хабарлаған.
Айта кетейік, 2026 жылдың ақпанында Ақжарқын Тұрлыбай 32 жасқа толды. Ол қамауда 12 жылдан бері отыр.