Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен құрылған имамдардың білімін жетілдіруге арналған ислам институтының алғашқы түлектеріне куәлік табыстау рәсімі өтті. Рухани маңызы зор шара еліміздегі діни қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.
Салтанатты жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, түлектерге ізгі тілектерін жеткізді.
Бас мүфти өз сөзінде имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру қоғамдағы тұрақтылық пен рухани қауіпсіздіктің негізгі тіректерінің бірі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда дін қызметкерлеріне қойылатын талап күшейіп, олардың тек діни біліммен шектелмей, заманауи қоғамның сұранысына сай жан-жақты маман болуы маңызды.
Имам халыққа бағыт-бағдар беретін рухани көшбасшы. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз бен біліктіліктеріңіз ел болашағы үшін аса маңызды. Діни қызметте парасаттылық пен сабырлылықты ұстанып, ел бірлігі мен татулығын нығайту жолында аянбай еңбек ету қажет, деді Бас мүфти.
Жиын барысында оқу бағдарламасын толық меңгеріп, емтихандардан сәтті өткен түлектерге арнайы куәліктер табысталды. Бұл құжат олардың кәсіби деңгейін растап қана қоймай, ел аумағында діни қызметті сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Ертай Кенжебекұлы Түркістанның түркі әлеміндегі рухани астана ретіндегі ерекше рөліне тоқталды. Ол бұл өңірдің ғасырлар бойы ислам мәдениеті мен ұлттық құндылықтардың ордасы болғанын атап өтіп, жаңа буын имамдарының осы дәстүрді жалғастыратынына сенім білдірді.
Институттың білім беру бағдарламасы тек классикалық діни ілімдермен шектелмейді. Мұнда тыңдаушыларға зайырлы мемлекет қағидаттары, қоғаммен тиімді байланыс орнату, жастармен жұмыс жүргізу, діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу бағыттары бойынша кешенді білім беріледі. Бұл қазіргі кезеңдегі имамдарға қойылатын басты талаптардың бірі.
Сондай-ақ оқу барысында имамдар психология, коммуникация, құқықтық сауаттылық секілді маңызды салаларда да біліктілігін арттырады. Нәтижесінде олар тек мешіт қызметкері ғана емес, қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамайтын, халықпен тығыз байланыс орната алатын рухани көшбасшыға айналады.
Аталған бастама еліміздегі діни ахуалды тұрақтандыруға, халықтың діни сауаттылығын арттыруға және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған. Түркістандағы бұл институт алдағы уақытта да білікті мамандар даярлайтын маңызды орталыққа айналады деп күтілуде.
Жалпы, алғашқы түлектердің куәлік алуы Қазақстандағы діни білім беру жүйесінің жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді. Бұл игі бастама ел бірлігі мен рухани тұтастықты нығайту жолында өз нәтижесін беретіні сөзсіз.

