Түркістан қаласында жастардың білімін, ой-өрісін және қоғамдық белсенділігін дамытуға бағытталған «Күлтөбе Cup» республикалық зияткерлік сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған шара еліміздің әр өңірінен келген дарынды жастардың басын қосып, олардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, пікір алмасуына және тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік берді.
Сайыстың негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен тарихи мұрасын дәріптеу, жастар арасында шешендік өнер мен ораторлық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ азаматтық ұстаным мен құқықтық сауаттылықты арттыру. Сонымен қатар қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын ұсыну арқылы аналитикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Зияткерлік ойын форматы жастардың сыни ойлауын дамытып, құқықтық білімді заманауи тәсілмен насихаттауға жол ашты.
Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, сайыстың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде Түркістанның тарихи және рухани орталық ретіндегі рөліне назар аударып, осындай білім бәйгелерінің дәл осы өңірде өтуі заңды құбылыс екенін атап өтті. Сонымен қатар мұндай жобалар жастардың ел дамуына деген жауапкершілігін арттырып, олардың қоғамдық белсенділігін күшейтетінін жеткізді.
Өз сөзінде ол бұған дейін өңірде өткен ауқымды «Фараби» білімділер сайысын да атап өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам команда қатысып, 2500-ге жуық жастың бас қосқанын айтты. «Күлтөбе Cup» сайысы сол бастаманың жалғасы ретінде ұйымдастырылып, мазмұны мен деңгейі жағынан одан кем түспегенін жеткізді.
Зияткерлік дода бірнеше кезеңнен тұрды. Іріктеу кезеңінде командалар өз білімдерін түрлі бағыттар бойынша сынап, үздік нәтиже көрсеткен 10 команда келесі айналымға өтті. Орта кезең қорытындысы бойынша 5 команда финалға жолдама алып, шешуші кезеңде өзара бақ сынасты. Финалда қатысушылардың білім деңгейімен қатар, логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және топпен жұмыс істеу қабілеттері жан-жақты бағаланды.
Әділ-қазылар алқасының шешімімен үздік нәтиже көрсеткен командалар І, ІІ және ІІІ орындармен марапатталып, оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар сайысқа қатысқан барлық командаларға ынталандыру сыйлықтары беріліп, олардың белсенділігі мен талпынысы жоғары бағаланды.
Айта кету керек, «Күлтөбе Cup» сайысы алғашында облыстық деңгейде бастау алып, қысқа уақыт ішінде республикалық деңгейге дейін көтерілді. Бұл – өңірде интеллектуалдық қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен мұндай білім сайыстарының саны артып, жастар саясатының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр.
Жалпы алғанда, «Күлтөбе Cup» – жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың тұлғалық дамуына, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға және ел болашағына бейжай қарамайтын саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды алаң. Алдағы уақытта бұл жоба ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге шығару мүмкіндігі де қарастырылуда.

