Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін құжат тапсырып, 2,5 пайыздық несие қаржысына ие болған ерлі-зайыпты Шалқарбек Бақтыбай мен Гүлжанат Орманова өнер мектебін ашып, жас өрендерді қосымша біліммен қамтып отыр. Жас отбасы бұл қаржыға музыкалық аспаптар мен құрал-жабдықтар сатып алған. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен орталық бүгінде 500-ге жуық баланы түрлі үйірмеге баули алады. Жас ұстаздар Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен саз колледжінің білікті мамандарынан құралған.
–Жаңадан бой көтеріп жатқан ауданға көшіп келгенімізде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын орталық болмай, қатты қиналдық. Содан жолдасымыз екеуміз өнер мектебін ашуды ойластырдық. Әрине, бастапқы кезеңде жеңілдетілген несие алуға сенімсіздік басым болатын. Бірақ, қазір мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде батыл шешім қабылдағанымызға қуанамыз, – дейді жас кәсіпкер Гүлжанат Орманова.
Ал, Әсел Серікбай есімді 26 жастағы үміткер бағдарламамен алған несиеге техникалық манипулятор сатып алуға ниетті. Оның сөзінше, шағын техниканың көмегімен жүк көтеру қызметіне сұраныс өте жоғары. Бұл заттың құны 10 млн теңгеден асады екен.
–Күйеуім шетелде дәл осы манипулятор, яғни шағын кран іспеттес техниканы жүргізеді. Құрылғы қаржысының жартысын өзіміз жинасақ, жарты ақшасын аз пайызды несиеге сүйенеміз. Бұл идеяны өзім алға тартып отырмын. Сонда отбасымызбен алыстан арбаламай, құрылғы арқылы өз қаламызда тіршілік ететін едік. Бұл несиеден үмітім өте көп. Бәрінен де жолдасымның шетелде емес, өз елімізде жұмыс істеуге мүмкіндік туар еді. Біз осылайша отбасылық кәсіпті дөңгелеткіміз келеді, – дейді Ә.Серікбай.
Осы ретте Шымкент қаласында Жолдаудың жүгін арқалаған бағдарлама шеңберінде арнайы түзілген комиссия 278 жас кәсіпкердің құжатын қарап, 129-ы оң қорытындысын алған. Бүгінге дейін 85 жас жеңілдетілген несиеге ие болып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Күні кеше Шымкент қаласында Президент тапсырмасына сәйкес, жастарға 2,5% несие беру бойынша комиссия отырысы өткен болатын.
Жеңілдетілген несие кепілсіз берілмейді. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қойылады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушімен келісуге болады. Қайткенде де, бүгінгідей нарықтық заманда бос жүрген жастар жолын тауып, елмен бірге жанталасып, жеңілдетілген несие немесе грант алуға ұмтылуы қажет. Мемлекет жасаған мүмкіндікті халқы мүлт жібермей, жағдайын түзеп алған елдің ғана әлеуметтiк-экономикалық ахуалы жақсарады. Ал халықтың тұрмыс жағдайы түзелсе, саяси ахуал да тұрақты болмақ.