Шымкент қаласы Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Мобильді топ» пен Еңбек мобильділігі орталығы қызметкерлері бірлесе отыра «Rahima Plaza» сауда орталығының жастарына мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мақсаты – мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастарды кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерден хабардар ету арқылы дұрыс мамандық таңдауларына бағыт-бағдар көрсету. Сауда орталықтың жастарына жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісім-шарты» бағдарламалары жөнінде кеңінен түсіндірілді.
Сонымен бірге Еңбекші ауданы жастар ресурстық орталығы қызметкерлері Көктем базарында «Жастардан жастарға – ақпараттық керуен» жобасы аясында мемлекеттік бағдарламалар жөнінде базар жастары мен базар келушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жобаның көздеген мақсаты да жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесі, кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында кеңінен ақпараттандыру және NEET санатындағы жастар үлесін азайту.
Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін ашып, өз замандастарын жұмыспен қамтып отырған жастар бар. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қаламыздағы «Жас кәсіпкермен сұхбат» айдары ұйымдастырылып келеді. Басты мақсат – жастарды жеке кәсіппен айналысып, мемлекет қолдауы негізінде жеке ісін ашуға болатынын жеткізу.
Айдардың кезекті кейіпкері – ағаш ұстасы Асан Нұрислам. Ол 2021 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер коледжінің «Көркемдеу және өңдеу» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз грантты жеңіп алып, жеке кәсіп саласында өз ісін бастап кеткен.
— Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ағаштан жасалған бұйымдарды елімізде әрмен қарай дамытқым келеді . Ел мен жерге аз да болса өз үлесімді қосып, қоғамда кішігірім болсын орнымды қалдырсам деген мақсатым бар, — деді жас кәсіпкер балалық арманымен бөлісіп.