Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары саласындағы шараларды кеңейту туралы Жарлыққа қол қойып, адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы» 2021 жылғы 9 маусымдағы Жарлыққа қосымша тармақ енгізді. Онда адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы одан әрі шаралар жоспарын бекіту туралы айтқан болатын. Осы орайда, Абай ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында «Заң алдында бәрі тең» тақырыбында кездесу өтті.
Энергетика және байланыс колледжінде өткен кездесуге Тұран ауданының полиция аға лейтенанты Иляс Серік қатысып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар заңдар жөнінде айтып берді.
-Қазіргі таңда азаматтардың құқықтық мәдениетін, саяси белсенділігін қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Құқықтық мәдениет -азаматтық қоғамдық сана мен әлеуметтік өмірде қоршаған ортаны танудан, зерттеуден, өзара құқықтық қатынастарға баратын түсініктердің қалыптасуынан көрінеді, — деді полиция аға лейтенанты.
Шымкент қаласы аумағында өтіп жатқан рейдтік іс-шараларға тоқталып, түнгі уақыттарда кәмелет жасына толмаған жастардың заңды өкілінсіз жүруінің қауіп-қатерін жеткізді.
Сонымен қатар, Еңбекші ауданының жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен «Тәртіпке бағынған құл болмайды» тақырыбында Парасат колледжі жастарымен құқық бұзушылықтың алдын алу мен жастардың діни сауаттылығын артыру мақсатында кездесу өтті. Кездесуге Әль-Фараби ауданының инспекторы, полиция майоры Юсупов Хабибулла Ибадуллаевич және РАНТ мүшесі, ҚМДБ оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұловпен қатысты.
Полиция майоры өз сөзінде жасөспірімдер арасында кең тараған құқық бұзушылықтар мен әкімшілік жауапкершілік шаралары туралы айтты. Сонымен қатар, ҚМДБ оңалту бөлімінің меңгерушісі деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары мен дін бағытындағы бірқатар ақпараттармен бөлісті.