Қоғам тұрақтылығын сақтау мәселесі бойынша Абай ауданы, Алтынтөбе тұрғын алабының тұрғындарымен жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында кездесу өтті. Жиынға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі қызметкерлері мұрындық болды.
Кездесуде жастар арасындағы тәрбие, ұлттық құндылықтар, Отан алдындағы әскери борышты өтеу, оларды отансүйгіштікке баулу мәселелері қозғалып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ұлт араздығы мен діни түсініспеушіліктердің алдын алу мәселесі жөнінде түсініктер берілді. Жиын барысында сөз алған спикерлер жастар көтерген мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар, қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Сайрам медициналық колледжінің жастары арасында «Дін және жастар» тақырыбында теолог Дәулетұлы Көбейдің қатысуымен түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Мақсаты — жастарға діни ағымдардан сақтану туралы терең түсінік беру, ата-ананы құрметтеу мен жақсылық жасай білуге баулу.
— Қазіргі таңда дәстүрлі дінге жат ағымдардың ұстанымдары жөнінде ақпарат желілерінде жат ағымдағы діндерден сақтану жолдары жайлы кеңінен түсіндіріліп келеді. Бұның баршасы да жат ағымнан сақтану мақсатында қолға алынған. Өзге діннің ықпалына ергендердің болашағы бұлынғыр болады. Өз уақыттарыңызды пайдасыз дүниемен алмастырып алмаңыздар, — теолог маманы.
Сонымен қатар, спикер діни ағымдарға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда, Діни басқарма жанындағы Діни оңалту бөлімінің мамандарына немесе жалпы мешіт имамдарына хабарласуға шақырды.
1494 символ