«Отан – отбасынан басталады». Қоғамның тірегі де – отбасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бала тәрбиесінде отбасының рөлі үлкен. Жас ұрпақ тәрбиесінде мектепте көп нәрсе береді. Бірақ бәрібір орны бөлек. Сондықтан мемлекеттік саясат отбасы құндылығын дәріптеуге бағытталған. Қазақстанның ең үлкен байлығы – адам капиталы. Әрбір азамат – жеке тұлға. Осы тұрғыдан қарасақ, мұндай қасиетке адам отбасылық тәрбие арқылы да ие болады. Биыл Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрия, креативті ойлай білетін адамдардың бастамаларын қолдау туралы айтты.
«Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн. Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес», деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда айтқымыз келгені саналы, жігерлі, бастамашыл, тәуекелшіл, жан-жақты азамат өзінен-өзі пайда болмайды. Бұл қасиет ана сүтімен, отбасы тәрбиесімен, мектептегі тәліммен бірге қалыптасады. Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Отбасы құндылығы – ұлттық тәрбиеде» тақырыбында Индустриалды-техникалық колледжі жастары арасында кездесу өтті. Оған Шымкент қаласы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» маманы Майра Ильясова қатысты.
— Отбасы және отбасының құндылығы қай заманда болмасын бір-бірімен етене тығыз байланысты ұғымдар. Отбасы – өмірдің есігін ашқан жаңа адам үшін алғаш мектеп болып табылады. Сол үшінде бала үшін отбасының орны ерекше болады, — деді Майра Ералиқызы. Сонымен қатар, спикер жастарды бос уақытында білім мен спортты жанына серік етуге шақырды.
2000 символ