Қаратау ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аудан аумағын абаттандыру бағытында нәтижелі жұмыстар істелініп жатыр. Аталған жоба бойынша Нұрсәт шағынауданындағы Измир көшесінде тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жаңа гүлзар құрылысы жүргізілуде.
Шағын гүлзар аумағында тұрғындардың демалыс уақытын өткізуге арналған арнайы орындықтар, көгалдандыру жүйелері мен жарық шамдары, ақпараттық тақтайшалар орнатылған.
Аудан әкімдігінің инфрақұрылым және көріктендіру саласына жауапты мамандары тарапынан мердігер мекеменің жұмысты сапалы әрі уақытылы орындалуы толық бақылауға алынған. Мекемемен түзілген келісімшартқа сәйкес гүлзардың құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі осы жылы қазан айының соңына жоспарланып отыр.
Одан бөлек «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысқан тұрғындардың ұсынысымен биыл ауданда 34 балалар ойын алаңы мен 7 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Сонымен бірге, тұрғындар өтінішіне сәйкес осы жылы ауданда 8 гүлзардың құрылысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі.
Мұндай игі бастама Әл-Фараби ауданында да жалғасын тауып жатыр. Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан 926 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2023 жылы 39 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қаржы қаралды. Қазіргі таңда мердігер мекемелер тарапынан 24 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары атқарылды.
Аудан аумағында 108 ашық спорт алаңшасы бар. 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2 ашық спорт алаңша салу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда Сәуле шағынауданы атауы жоқ №3 көшеге және Жангелдин көшесі №14 үй ауласына ашық спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Соңғы 3 жыл ішінде аудан аумағында 41 ашық спорт алаңшасын салынып, халық игілігіне берілді.
Ал, Қаратау ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың үлесі 4 есеге артқан. 2022 жылы тұрғындардың ұсынысымен 20 жоба жүзеге асырылса, биыл 92 жобаны іске асыру көзделген. Халық ұсынған 62 жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, бүгінге дейін 52 жобаның құрылысы аяқталыпты. Сонымен қатар, 2023 жылы Қаратау ауданында 41 балалар ойын алаңы және 12 спорт алаңын салу жоспары бекітілген. Бүгінге дейін 34 балалар алаңы мен 7 спорт алаңша пайдалануға берілді. Қалған аулаларда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
2000 символ