Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесе жоспарлы профилактикалық тексеріс жұмыстарын жүргізді. Іс-шара Мырзакент және Атакент кенттерінде орналасқан компьютерлік ойынханалар мен мейрамханалардан бастау алды. Нәтижесінде беймезгіл уақыттарда осындай орындарда жиі және ұзақ болатын жасөспірімдер, перзенттерінің тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналар анықталады. Әйтсе де, қанша уақыттан бері оқу орындары мен мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, үнпарақшалар ілінгенімен тәртіпке бағынғысы келмейтін жасөспірімдер бар екені белгілі болды.
Түнде жүргізілген рейдтік жұмыстарға Мақтаарал аудандық ішкі істер бөлімінің инспекторлары мен орталық мамандары қатысты. Шара барысында сауда орындары мен дүкендерде, кафелер мен көпшілік орындарда кәмелетке толмағандарды заңды өкілдерінсіз кіргізбеу, спиртті ішімдіктер мен темекі бұйымдарын сатпау керектігі, сатқан жағдайда заң аясында жауапқа тартылатындықтары қатаң ескертілді. Сонымен қатар, профилактикалық шара барысында инспекторлар жеке кәсіпкерлерге түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілдерінсіз ғимаратқа кіргізбеу, оларға темекі бұйымдары мен спирттік ішімдіктерді мүлдем сатуға болмайтынын түсіндірді.
Түнгі мезгілде заңды өкілдерінсіз ойынханаларда жүрген жасөспірімдер аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, олардың ата-аналарынан түсініктемелер алынып, ескертулер жасалды.
Айта кету керек, «Жастар ресурстық орталығы» аудандық ішкі істер бөлімімен бірқатар атқарылар істердің жоспарын бекіткен болатын. Жылдық жоспарға сәйкес жүзеге асуы тиіс бұл шара – балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, заңдық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді.