Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023-2029 жылдар аралығындағы кезеңде 3,3 млн қазақстандықты, оның ішінде кемінде 2,3 млн жастар санатындағы азаматтарды жұмыспен қамту бойынша мақсатты жұмыстар қолға алынғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған міндеттер шеңберінде «AMANAT» партиясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағдарланған «Жастарға жұмыс» жобасын іске асыру бойынша іс-қимыл жоспарын қабылдап бекітті.
Жоспарлы көрсеткіштерді нақтылы орындауда партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы ретінде «Сапалы жұмыс орындарын ашу» және «Жастар үшін мүмкіндіктер» кешенді іс-шараларының индикаторлық көрсеткіштері белгіленіп, олардың орындалуы өңірдегі аманаттық өкілдердің тұрақты назарына алынды.
Жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген жас мамандарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік ашу, жұмыссыз жүрген жастарға бос жұмыс орындарын ұсыну арқылы сұраныстарын қамту мақсатында бүгін Түркістан қаласындағы «FARAB» ғылыми-әмбебап кітапханасында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен, облыстық мансап орталығымен, облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесе бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып, өткізді. Іс-шара Түркістан қаласы әкімдігінің, кітапхана басшылығының және партияның қалалық филиалының қолдауымен өтті.
Сондай-ақ, мүндай жәрмеңкелер аудандарда да жалғасын тапты. Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде Сауран ауданы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Аманат» партиясының және «Мансап» орталығымен бірлесіп, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді. Аталған шараға, Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әдіскері А.Сарсенбаев, «Аманат» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы С.Асылбеков және «Мансап» орталығы басшысының м.у.а А.Молдалиев қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасуына тілекші екенін жеткізді. Сауран ауданы бойынша 6241 азаматты жұмыс орнымен қамту жоспарланған. Жыл басынан 3557 азамат жұмыс орындарымен қамтылды. Оның ішінде 1625 тұрақты және 1932 уақытша жұмыс орындары. Мемлекет басшысының өзінің «Әділетті мемлекет, Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» Қазақстан жолдауында жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу мәселелеріне басты зейін қойды. Жәрмеңкеде 46 мекемеден 68 тұрақты жұмыс орны және 60 мекемеден 331 уақытша жұмыс орындары ұсынылды.
Сонымен қатар, «Түлкібас аудандық мансап орталығы» филиалының ғимаратында Мемлекет басшысының «Жастарға жұмыс» жобасы аясында Мансап орталығы мен «Amanat» партиясы бірлесе ұйымдастырған жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге 25 жұмыс беруші мекемелерден 49 бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде білім саласынан 18, денсаулық сақтау саласынан 11 бос жұмыс орны және басқада салалардан 20 бос жұмыс орындарына сұраныстар болды. Аталған іс-шараға 40-қа жуық жұмыс іздеуші азаматтар қатысып, 11 азаматқа тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама берілді. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар ішінен 4 азамат бос жұмыс орындарына, 2 азамат жастар практикасы бағдарламасымен жұмысқа жолданды.