Түркістан облысы Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен алаяқтық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кездесу жастар ресурстық орталығында өтті. Интернет – алысты жақындатып, өмірімізді жеңілдетіп отырған құрал. Дегенмен, оның да кемшін тұстары жоқ емес. Алаяқтар үшін интернет қарапайым адамдарды алдаудың жаңа құралына айналып үлгерді.
Интернеттегі алаяқтардың мақсаты – заңсыз жолмен басқалардың ақшасы мен мүлкін ұрлау. Алаяқтықтың бұл түрі интернет қызметтерін немесе оған қосылған бағдарламаларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Сіз кез келген уақытта қандай да бір жолмен онлайн-алаяқтықтың құрбанына айналып кетуіңіз мүмкін. Сол себепті, барынша абай болу керек және жеке деректердің қауіпсіздігін бақылап отырған жөн екендігін заңгер А.Абуова атап өтті. Сонымен қатар, банктік шоттарға кіру немесе онлайн сауда жасау үшін мейрамханаларда, қонақүйлерде немесе басқа жерлерде қорғалмаған Wi-Fi нүктесін пайдалансаңыз, хакерлер транзакцияларыңызды бақылап, жеке деректеріңізді ұрлай алатындығы жайлы полиция майоры Б.Әубәкір кеңінен мәлімет беріп өтті.
Кездесу соңында Ардагерлер ұйымының мүшесі, «Әкелер мектебінің» төрағасы А.Сахов жастарға түрлі оқиғалар туралы айта отырып, барынша сақтыққа шақырып, алаяқтарға алданбау өз қолымызда екендігін түсіндірді.
Сонымен қатар, Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Хантағы ауылы «Қаратау» қорығында плоггинг жарысы өтті. Жарысқа қала жастары мен «Жастар ресурстық орталығы» оммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қатысты. Өзара 6 топқа бөлінген жастар шашылып жатқан қоқыстарды жинап, жарысты. Іс-шара соңында белсенді жастарымызға Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б. Жорабеков арнайы сыйлықтармен марапаттап, өз алғысын білдірді.