Жалындап тұратын жастардың оқыс оқиғаларға тап болып жататын кездері аз емес. Мұндайда жастарға барынша ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу артық етпейді. Мұндай шараларды тұрақты ұйымдастырып тұратын Жастар ресурстық орталықтары қарқынды жұмыс істеп келеді. Әсіресе өңірдегі орталық мамандары осындай жұмыстардың басы-қасында жүр.
Қазір жаз мезгілі болғандықтан, жастардың басым бөлігі су қоймаларынан, өзен, көлдерден, бассейндерден жиі табылады. Осы ретте суға шомылудың қауіпсізігі жөніде олардың білуі аса қажет.
Жетісай ауданында оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инспекторлары мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Жетісай аудандық филиалы қызметкерлері бірлесе жағажайларды аралап, тыйым салынған орындарда шомылмау, суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мамандар суға түсу маусымында тек қана шомылуға рұқсат етілген қауіпсіз су айдындарына ғана баруға болатынын ескертті. Барынша суға шомылу қауіпсіздік ережелерін сақтап, ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауын сұрайды.
Сонымен қатар, Жетісай ауданының ішкі саясат бөлімінің»Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмыс жоспарына сәйкес, «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясын өткізді.
Профилактикалық шараның мақсаты- қазіргі таңда белең алған нашақорлық індетінің тамырына балта шабу, бүгінде бүкіл адамзат баласының өміріне қауіп төндіріп отырған нашақорлық пен есірткі бизнесі, синтетикалық есірткінің зияны және жастар мен жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттерге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Акция барысында ақпараттық брошюралар таратылды. Сонымен қатар тұрғындарға есірткінің зияны жайлы түсіндірілді. Нашақорлық — қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Сондықтан да бұл бағыттағы шараларды көптеп өткізу күн тәртібіндегі маңызды істердің бірі екені даусыз. Келешек жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс жол таңдауға әрдайым ықпал ету бағытында осындай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.