Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі моноқалаларды дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Шағын шаһарлардағы инфрақұрылымды реттеу ісіне басымдық берген Президент ондағы өндіріс өнеркәсіптерімен қатар шағын бизнесті де қолға алу маңызды міндет екенін де сөз еткен болатын. Ал Түркістан облысына қарасты сондай моноқаланың бірі — Кентау қаласы. Осыдан біршама жыл бұрын Кентау әрі-сәрі күйді бастан кешіп еді. Үйлер қаңырап бос қалып, түрғындар жапа тармағай жан-жаққа көшкен. Алайда облыс орталығының Түркістан қаласына көшірілуі Кентаудың тамырына қан жүгірткендей әсер қалдырады. Бүгінде Кентау барынша даму үстінде. Бұл аймақта бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соның бірі –Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі. Осы аптада облыс әкімі әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына арнайы іссапармен барып, мәдениет үйінің құрылысымен танысып, мердігерлермен жүздесті. Сондай ақ, облысы әкімі Кентаудағы құрылыс алаңдары мен индустриалды аймақтарды аралады. Мұндағы өндірістік жобалармен танысты. Кәсіпкерлермен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдады. Сала мамандарына өндірісті дамыту бағытында тапсырмалар жүктеді. Бұл салаға басымдық беріліп, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қалада 43 га жерде индустриялық аймақ орналасқан. Бүгінгі таңға 7 жоба іске асырылған. Биыл үш жоба іске қосылмақ. Өңір басшысы Кентау индустриалды аймағында орналасқан «АБН Альянс» ЖШС-нің полиэтиленді құбыр өндіретін кәсіпорнының жұмысымен танысты. Сондай-ақ мұнда құбыр өндірісінен бөлек кірпіш зауытының жұмысы қарқынды жүргізілуде. Цехта жалпы саны 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.
Биыл Кентау қаласында жалпы 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жоба толық іске қосылса, 492 жаңа жұмыс орны құрылады. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласы бойынша нақты 4 жоба құрылып, 310 тұрақты жұмыс көзі ашылады деп күтілуде. Ондағы 2 жоба арнайы экономикалық аймақта орналасса, қалған 2 жоба индустриалды аймақта жүзеге асады. Мұндағы мақсат – тұрғындарды жұмыспен қамту, өңірдің өндіріс көлемін арттыра отырып, экономикалық дамыған аймаққа айналу. Сонымен бірге «TURAN SHENHUA» ЖШС газ қазандықтары мен тұрмыстық техникаларын өндіру жобасы жоспарда бар. Кәсіпорын 120 адамды жұмыспен қамтымақ. Құрылыс жұмыстары биылғы қараша айында аяқталады, жобалық-сметалық құны 2,4 млрд. теңгені құрайды. Кентау индустриалды аймағында «АйдарСтройГрупп» ЖШС металл бұйымдарының өндірісі қолға алынады. Мұнда 50 тұрақты жұмыс орны ашылады, құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Жалпы өңірде метал құрылымдарының өндірісі даму үстінде. Оған дәлел, экономикалық аймақта тағы бір метал құрылымдарын өндіретін «Сапар Құрылыс-С»ЖК цехының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба құны 400 млн.теңгені құрайды.
Одан кейін қала әкімдігінің ғимаратында актив отырысын өткізіп, Кентауды дамыту жолдарын талқылады. Өңір басшысы бірқатар саладағы кемшіліктерге тоқталып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
– Қаладағы индустриалды аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен, қазіргі таңда инвестор тарту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Бұл бағытта жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жол картасы аясында биылға жоспарланған 10 жобаның 3-еуі ғана іске асырылып отыр. Реттеңіздер. Салалық басқармамен бірлесіп ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесін қайта пысықтап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырамын. Халықты табиғи газбен қамту бойынша да жұмысты жандандыру керек. Шұғыл арада газ нысандарының құжаттарын заңдастырып, тиісті мекеме теңгеріміне өткізіңіздер. Біз Кентауды дамытуда бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Бұл ретте әкімдікпен бірге депутаттардың да белсенділігі маңызды. Инвестициялық жобаларды қолдауға белсенді араласып, өз округтеріңіз бойынша әлеуетті жобалар мен мүмкіндіктерді зерделеп, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Басқарма басшылары өз салалары бойынша кездескен кемшіліктерге тоқталып, шешу жолдарын талқылады.
Нұралхан Көшеров басқарма басшылары мен қала әкіміне тиісті міндеттер жүктеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала тазалығын күшейтуді тарсырды. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді.
Айта кетейік, 6 айда Кентауда жалпы өнім көлемі 41,2 млрд. теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 113,5% өсім деңгейінде болды. 2025 жылдың 6 айдың қорытындысымен қалалық бюджет 9,4 млрд. теңгені құрады. Жеке табыстар жоспары 2,1 млрд. теңге болса, орындалуы – 2,4 млрд теңге немесе 111,6%. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің жоспары 11,4 млрд.теңге болса, нақты орындалуы 12,3 млрд. теңгені құрап, өсімге қол жетті.

