Еліміздегі «Жас ресурстық орталықтары» жастары үшін жасалған жоба. Қазір мұндай орталықтар әр облыс аумағындағы аудан, қалаларында өз деңгейінде жұмыс істейді. Мәселен, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бұл ретте жастарды ынталандыру, ағартушылық, тәрбиелік жұмыстарға тарту мақсатында түрлі бағыттағы іс-шараларды атқарып келеді.
Жуырда Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” және “Руханият орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен ұлт тәрбиесіндегі маңызды тұлғалар – әке мен ұлдың рөлін дәріптейтін ерекше тәрбиелік шара өтті. «Әке – ұрпаққа өнеге, ұл – болашаққа өрнек» атты бұл сайыс жасөспірімдер мен ата-аналар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттауға, ұл балалардың тәрбиесіне қоғам назарын аударуға, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтауға бағытталды. Іс-шараның ашылу салтанатында Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Н. Тажыбеков және Қоғамдық келісім “Сауран аудандық филиалының” басшысы А.Раматуллаев, “Руханият және талдау орталығы” КММ-нін басшысы С.Әшірбай құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.
Сайыс 3 бөлімнен тұрады. Қатысушылар «Таныстыру» кезеңіндеі әке мен ұл жұптары өз отбасын, ұстанымдарын, қызығушылықтарын таныстырса, «Ұмыт болған дәстүрлер» тақырыбындағы сұрақ-жауап кезеңінде қазақ халқының бай мұрасындағы әке мен ұлға қатысты салт-дәстүрлерді жаңғыртты. «Өнері бар – өрге жүзер» кезеңінде әке мен ұл жұптары өнерлерін көрсетіп, сахна төрінде күй, жыр, ұлттық ойын және қолдан жасалған бұйымдар арқылы көрермендерді тәнті етті.
Іс-шараның қорытындысы бойынша әділқазылар алқасы сайыс нәтижесін жариялап, жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттады.
I-орын Бабайқорған ауылдық округінен Ибрагимовтар отбасына берілсе, , II- орын Шорнақ ауылдық округінен Манашовтар отбасына бұйырды ІII-орынды Үшқайық ауылдық округінен Акаевтар отбасы иеленді. Бұл шара әр отбасы үшін тағылымды, ұлт болашағы үшін маңызды қадам болды. Әке мен ұл арасындағы рухани сабақтастықты нығайтып, елдікке бастар жолдың – отбасындағы тәрбиеден басталатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ал Созақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттк мекемесінің ұйымдастыруымен «Киелі мекен — қазыналы өлке» атты ауданның көп балалы отбасыларының балаларына арналған экскурсия өтті. Жас экскурсанттарға жолға су мен тіске басар үлестірілді.
Шараға 12-16 жастағы 30-ға жуық бала қатысып, Түркістан қаласындағы бірқатар тарихи-мәдени орындарды аралады. Экскурсия ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралары тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басталып, оқушылар ұлы тұлғалардың өмір тарихымен танысып маңызы мол мағлұматтар алды. Сондай-ақ жас экскурсанттар «Шығыс моншасы» мұражайы, Ұлы дала елі орталығы, Фараб кітапханасы және тағы басқа жерлерде болып, ежелгі Шығыстың атмосферасына еніп, тарихи ескерткіштермен танысып, өзінің тылсым сәулеті мен рухани атмосферасымен танымал жерасты Қылует мешітімен экскурсияны аяқтады.
Балалар мен ата — аналар орталық басшылығына, ұжымына өз алғысытарын білдірді.
Ал өскелең ұрпақ пен аға буынның сабақтастығын нығайтуға арналған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны Түркістан облысында жалғасын тапты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны еліміз бойынша жалғасып келеді. Түркістан облысы бұл ауқымды жобаны Қызылорда облысынан ресми түрде қабыл алып, марафонды өз өңірінде лайықты деңгейде жалғастырды. Марафонның басты мақсаты — ардагерлер мен жастар арасындағы рухани сабақтастықты нығайту, ел тарихын дәріптеу, отансүйгіштік пен ерлікті ұрпақ санасына сіңіру. Осы мақсатта арнайы делегация Жетісай, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш және Созақ өңірлерінде болып Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне айрықша құрмет көрсетті. Ардагерлерге «Ардагер өсиеті» марафонының арнайы хаты табысталып қана қоймай шапан жабылып, арнайы дайындалған жеміс-жидек себеттері тарту етілді. Кездесу барысында Ардагерлер мен жастар арасында тағылымды сұхбаттар өрбіді. Маусым-қыркүйек айлары аралығында өтетін бұл марафон еліміздің барлық өңірін қамтып, қорытынды кезеңінде Елордада жалғасады. Соңғы сәтте ардагерлер жазған өсиет хаттар салтанатты түрде тапсырылып, ұлттық мұра ретінде сақтауға қабылданады.
Иә, күн құрғатпай облыс аумағындағы жастар орталықтары түрлі тақырыптағы іс-шаралардан босамайды. Жастар бос отымауы тиіс. Оларды әрбір іс-шараға тартып, одан шығатын нәтижеге жұмыс істеуі маңызды. Олай болмаса мұндай жұмыстардың бәрі науқандық шараға айналып кетпесіне кім кепіл?

