Алматы қаласының полиция қызметкерлері көлік ұрлығының қалай жасалатынын көрсететін бейнежазбаларды жариялады. Видеоларда қаскөйлердің қарапайым тәсілдерді қолданатыны байқалады: олар автокөліктің есігі жабық па, салонда кілт қалдырылған ба — соны тексереді.
Қалалық полицияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұрынғы жылдарға тән күрделі ұрлық схемалары бүгінде өзектілігін жоғалтқан. Қазіргі таңда көлік ұрлығы сирек кездеседі және көбіне автокөлік иелерінің өз салғырттығынан болады.
Полиция дерегінше, жүргізушілер кейде көлікті есігін жаппай, кілтін оталдыру құлпында қалдырып немесе қозғалтқышты өшірмей, «бір минутқа» дүкенге не жеке шаруамен кетіп қалады.
«Қазіргі ұрлықтардың басым бөлігі — алдын ала жоспарланған қылмыс емес, аяқ астынан жасалатын әрекеттер. Көбінесе мас күйдегі адамдар қараусыз қалған көлікті пайдаланып кетеді. Мұндай фактілердің барлығы ашылып, кінәлілер жауапкершілікке тартылады», — деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.
Жүргізушілерге кеңес:
Полиция өкілдері көптеген көлік ұрлығы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы алдын алуға болатынын атап өтті. Осыған байланысты автокөлік иелеріне келесі кеңестер беріледі:
- көліктен шыққанда әрдайым қозғалтқышты өшіріп, кілтті алып жүру;
- қысқа уақытқа тоқтағанда да есік пен терезені жабу;
- салонда кілт пен құжаттарды қалдырмау;
- ұрлыққа қарсы құрылғылар мен дабыл жүйесін пайдалану;
- күмәнді жағдай байқалса, дереу полицияға хабарлау.
Еске сала кетейік, бұған дейін ІІМ Қазақстандағы автокөлік ұрлау схемасын әшкерелеген еді. Сондай-ақ, ШҚО-да көлік ұрысының әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалғаны туралы хабарланған.
