World Boxing ұйымының баспасөз қызметі бокстағы атақты туыстарды бір материалға жинады. Бес боксшы отбасынан тұратын бұл тізімде бірден екі қазақстандық әулет бар.
«Бокс әрқашан команда мен қолдау жайлы. Ал сол қолдауды өз отбасыңнан алу — одан асқан не бар? Жақындарың сенің командаңның бір бөлігі болса, бұл — нағыз табыстың рецепті», — деп жазады World Boxing.
World Boxing нұсқасы бойынша үздік 5 боксшы отбасы:
- Айбек және Нұрбек Оралбай (Қазақстан);
- Ифе Мари және Лиза О’Рурк (Ирландия);
- Азиза және Жахонгир Зокировтар (Өзбекстан);
- Махмуд және Төрехан Сабырхан (Қазақстан);
- Хусейн және Зейяд Ишаиш (Иордания).
Айта кету керек, Оралбай мен Сабырхан — Қазақстандағы жалғыз боксшы отбасылар емес. Сонымен қатар Саматали және Санатали Төлтаевтар, Нұрлан мен Данияр Сапарбай, сондай-ақ Виктория және Евгения Графеевалар сынды ағайынды-туысты боксшылар бар.
Сабырхан мен Оралбай — Қазақстанның әлем чемпиондары
World Boxing атап өткен төрт қазақстандық боксшының барлығы да әлем чемпионы атанған. Соңғы рет Ливерпульде өткен World Boxing турнирінде Махмуд Сабырхан екінші мәрте әлем чемпионы болды.
Ал Нұрбек Оралбай — осы төрттіктің ішінде Олимпиада жүлдесін иеленген жалғыз спортшы. Париждегі Олимпиада ойындарында ол 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, шешуші жекпе-жекте украиналық Александр Хижнякке жол берді.
